Әлеумет

"Соғысқа жіберуге 3 күн қалды": Ресейде жүрген қазақ жігіттері елден көмек сұрады

Ресейге жұмыс істеу үшін барған бір топ қазақстандық азамат әлеуметтік желі арқылы көмек сұрады. Олардың бірі Қайсар Алмаз видеоүндеу жариялап, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және елшілікке жүгінді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оның айтуынша, азаматтарды Украинадағы соғысқа жіберуге дайындалып жатыр. Қайсар Алмазтың сөзінше, топта бастапқыда шамамен 15 адам болған, қазір олардың саны 10 шақты адамға дейін азайған.

«Барша қазақ елінен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен және елшіліктен, Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраймыз. Бізді соғысқа аттандыруына небәрі үш күн қалды», – деді ол.

Қайсар Алмазтың мәлімдеуінше, қазақстандықтарға соғысқа баруға құжаттарға ерікті түрде емес, қысыммен қол қойдырылған. Оның сөзінше, Қазақстан тарапы Ресей елшілігімен келіссөз жүргізіп, азаматтарды елге аман-есен қайтаруға уәде берген.

«Біз нақты жауап ала алмай отырмыз. Біз басқа жерде соғысып өлгенше, өз жерімізді қорғап өлгеніміз артық. Бізді уақытша ұстау изоляторына апарып қамап тастаса да, сол жақта жатып жауабын күте береміз», – деді ол.

Қазақстандық азамат билік шұғыл әрекет етпесе, топтағы адамдарды жақын арада соғыс аймағына алып кетуі мүмкін екенін айтты.

Осы үндеуден кейін Шахназар Жүсіп есімді тағы бір қазақстандықтың жақыны да әлеуметтік желі арқылы көмек сұрап, жазба жариялаған.

СІМ не дейді?

Бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ресейдегі соғыс аймағында қалған қазақстандықтардың туыстарынан көптеген өтініш түсіп жатқанын хабарлаған.

Министрліктің мәліметінше, соғыс жүріп жатқан аумақта жүрген Қазақстан азаматтарының туыстарынан келіп түскен өтініштерді қабылдау үшін арнайы жедел желі жұмыс істейді.

«Қазақстандықтарды Отанына қайтару жөніндегі бірлескен шараларды әзірлеу мақсатында СІМ Ресей тарапымен консультацияларды жалғастырып жатыр», – деп мәлімдеді ведомство.

2 қазанда Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ресейдің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілімен кездесті.

Министрлік жақын уақытта Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ресейдің Сыртқы істер және Қорғаныс министрліктерінің басшылығымен кездесулер өткізетінін хабарлады.

Бұған дейін де көмек сұраған

Бұған дейін Сымбат Еркінбек есімді қазақстандық Ресейге жұмыс істеуге кеткен інісінің Украинадағы соғысқа мәжбүрлі түрде жіберілгенін айтып, биліктен көмек сұраған.

Оның айтуынша, 19 жастағы қазақстандық жақында ғана әскерден оралып, Ресейге күзетші болып жұмыс істеуге барған. Алайда бірнеше күннен кейін ол әпкесіне Украинадағы Луганск маңында жүргенін айтып, көмек сұраған.