Оңтүстік Кореяда 15 адам төбелесті: қазақстандықтарға қатысты СІМ не деді?
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Кореяның Пхёнтхэк қаласында болған жаппай төбелеске қатысушылар арасында Қазақстан азаматтары әзірге анықталмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Пхёнтхэктегі жаппай төбелеске қазақстандықтар қатысты ма?
«Алдын ала ақпарат бойынша, қазіргі уақытта Пхёнтхэктегі жаппай төбелеске қатысушылардың арасынан анықталған және ұсталғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ», – деп мәлімдеді Қазақстан Сыртқы істер министрлігі.
Оқиға 3 қазан күні кешкі уақытта Пхёнтхэк портына жақын жерде болған.
Yonhap агенттігінің мәліметінше, төбелеске шамамен 15 адам қатысуы мүмкін. Полиция екі ер адамды ұстаған. Олар – Ресей мен Қырғызстан азаматтары. Екеуі де жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Полиция қалған қатысушыларды іздеп жатыр
Құқық қорғау органдары төбелестен кейін оқиға орнынан қашып кеткен адамдарды анықтау үшін бейнебақылау камералары мен көлік бейнетіркеуіндегі жазбаларды зерттеп жатыр.
Тергеу барысында жанжал Қазақстан мен Қырғызстаннан шыққан адамдар топтары арасында болған болуы мүмкін деген нұсқа да тексеріліп жатыр.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта оқиғаға қатысушылардың нақты саны мен олардың барлығының азаматтығы анықталған жоқ.