Әлеумет

Тосынсыйдың соңы күтпеген жағдайға ұласты: Атырауда бүкіл мектеп эвакуацияланды

Атырауда оқушылар мұғалімге тосынсый жасау үшін түтін шашкасын қолданып, мектепте дабылдың іске қосылуына себеп болған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оқиға 2 қазанда Авангард-2 шағынауданындағы №19 мектепте болған. Сағат 15:39-да өрт дабылы қосылып, мектепке құтқарушылар шақырылған. Ғимаратты тексерген мамандар ашық өрт болмағанын анықтады.

Белгілі болғандай, екінші қабаттағы кабинеттердің бірінде оқушылар түрлі-түсті түтін шашкасын пайдаланған. Түтін ғимаратқа тарап, адамдарды сыртқа эвакуациялауға тура келген. Оқиғадан ешкім зардап шекпеді.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дюсекенованың айтуынша, оқушылар түтін шашкасын мектепке мұғалімдер мен әкімшілікке айтпай алып келген.

«Оқушылар мектеп қызметкерлерінің ешқайсысына ескертпестен оқу орнына фейерверк алып келген. Мектептерде алдын алу және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан, осындай жағдай болды», – деді Айнагүл Дюсекенова.

Білім бөлімі мектептерде мұндай құралдарды қолдануға болмайтыны туралы бұған дейін түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

Оқиғадан кейін мектеп директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды.