Әлеумет

Бишімбаевтың анасы бұрынғы келінін сотқа беріп, жеңіп шықты

Астана қаласының экономикалық соты сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекованың бұрынғы келіні Назым Қахарманға қатысты талабын ішінара қанағаттандырды. Сот Нұрлыбекова талап еткен 14 млн теңгенің 6,6 млн теңгесін Қахарманға тиесілі NazKa ЖК-дан өндіріп алу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Астана қаласының экономикалық соты сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекованың бұрынғы келіні Назым Қахарманға қатысты талабын ішінара қанағаттандырды.

Нұрлыбекова Астанадағы Шолпан Иманбаева көшесінде орналасқан ғимараттың иесі. 2023 жылғы қарашада ол нысанды алты жылға Қахарманның сенімгерлік басқаруына берген. Келісім бойынша Қахарман ғимаратты меншік иесінің мүддесі үшін басқаруы тиіс болған.

Кейін Қахарман ғимаратты басқа кәсіпкерлерге жалға берген. Нұрлыбекованың айтуынша, жалдау ақысын алып, оны меншік иесіне аудармаған әрі толық есеп бермеген.

2024 жылғы шілдеде Нұрлыбекова келісімшартты бұзу туралы хабарлама жіберіп, кейін сотқа жүгінген. Ол NazKa ЖК-дан 14 млн теңге өндіруді талап етті.

Сот қандай шешім шығарды?

Сот талапты екі бөлікке бөліп қараған. Бірінші жағдайда Нұрлыбекова Қахарман жалға алушылардың бірінен шамамен 5,8 млн теңге алғанын айтқан. Алайда сот бұл соманы Қахарманның алғанын растайтын жеткілікті дәлел таппаған. Жалға алушы да ақшаны Қахарманға бермегенін түсіндірген.Сондықтан, сот бұл талапты қанағаттандырудан бас тартты. 

Ал екінші жалға алушыдан Қахарманның шамамен 8,2 млн теңге алғаны сотта расталған. Бұл сомадан жалға алушыға қайтарылған 1,2 млн теңге және салық ретінде төленген 370 мың теңге шегерілді.

Нәтижесінде сот NazKa ЖК-дан Нұрлыбекованың пайдасына 6 665 391 теңге негізгі қарыз, 66 654 теңге мемлекеттік баж және өкіл қызметіне кеткен 666 539 теңге өндіру туралы шешім шығарды.

Қалған шамамен 7,4 млн теңге бойынша талап қанағаттандырылмады.

Нұрлыбекова Қахарманға 1 млн теңге төлейді

Сот Нұрлыбекованың NazKa-ға қатысты тағы бір талабын да қарады. Ол Қахарманнан 10,6 млн теңге өндіріп беруді сұраған.

Алайда бұл талап қараусыз қалдырылды. Сонымен бірге Нұрлыбекова Қахарманның өкіл қызметіне жұмсаған шығындарын өтеу үшін оған 1 млн теңге төлеуге міндеттелді.

Сот шешіміне тараптардың шағым түсіруге құқығы бар.

Қахарман мұны қысым деп бағалаған

Бұған дейін Назым Қахарман Бишімбаевтар отбасы соңғы екі жылда оған қарсы төртінші рет сотқа жүгініп отырғанын айтқан.

«Бұл кейінгі екі жылдағы маған қатысты төртінші талап, бірақ бұрынғы енемнің алғаш рет берген талабы. Олардың әлемінде мен бәріне кінәлі сияқтымын: ажырасқаныма да, өз пікірімді айтқаныма да, балалардың олармен араласқысы келмейтініне де», – деген еді Қахарман.

Оның сөзінше, фитнес-клуб орналасқан ғимарат Бишімбаевтың анасына тиесілі болған, ал өзі бизнесті келісімшарт негізінде басқарған.

Қахарман сондай-ақ алименттің толық төленбегенін айтып, қарсы талап арыз беруі мүмкін екенін мәлімдеген.