Қарулы күштер Бас штабының жаңа бастығы тағайындалды
Қасым-Жомарт Тоқаев Айқұрман Омарбековті Қазақстан Қарулы күштері Бас штабының бастығы – Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Айтқұрман Омарбеков Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Қарулы күштері Бас штабының бастығы болып тағайындалды. Ол осы өкіммен бұған дейін атқарған қызметінен босатылды.
«Мемлекет басшысының өкімімен Айтқұрман Жоламанұлы Омарбеков Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы күштері бас штабының бастығы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», – делінген Ақорда хабарламасында.
Айтқұрман Омарбеков кім?
Айтқұрман Омарбеков 48 жаста. Ол әскери қызметін 1997 жылы Республикалық ұлан қатарында бастап, 2014 жылға дейін осы құрылымда қызмет атқарған. Кейін Мемлекеттік күзет қызметіне ауысып, түрлі офицерлік және басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.
2022 жылғы қаңтар оқиғаларынан кейін Омарбеков Арнайы мақсаттағы күштердің қолбасшысы міндетін атқарушы болып тағайындалды. Сол жылдың ақпанында Президент оны бұл қызметке ресми түрде бекітті.
Омарбеков Ресей Қорғаныс министрлігінің әскери университетін «моральдық-психологиялық қамтамасыз етуді ұйымдастыру» мамандығы бойынша және Еуразия гуманитарлық институтын «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Ол Мемлекеттік күзет қызметінің генерал-майоры. «Айбын» орденінің I және II дәрежелерімен марапатталған.
Бас штаб басшысы неге ауысты?
Омарбековтің тағайындалуы Қарулы күштердегі бірқатар кадрлық өзгерістерден кейін болып отыр.
24 қыркүйекте Каспий теңізінде «Хазар қорғаны-2026» оқу-жаттығуы кезінде ауа райының күрт нашарлауынан 17 әскери қызметші теңізге ағып кеткен. Олардың үшеуі аман қалып, 14 әскери қызметші қаза тапты.
Қайғылы оқиғадан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілердің қаза болуын офицерлер мен генералдардың қылмыстық салғырттығы мен кәсіби біліксіздігінің салдары деп атады.
Президент армиядағы басқару жүйесін қайта қарау қажеттігін де айтты.
«Біздің армия өткен ғасырда тұрып қалған. Басқару жүйесін озық халықаралық тәжірибеге сәйкес толығымен қайта құру қажет», – деді Тоқаев.
Оқиғадан кейін армия басшылығында бірқатар өзгеріс болды. 27 қыркүйекте президент Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қызметінен босатып, орнына Айдос Мырзахметовті тағайындады.
3 қазанда Қарулы күштер Бас штабының бастығы Қаныш Әбубәкіров, Қорғаныс министрінің тыл жөніндегі орынбасары Алмаз Жұмаеков және Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков қызметтерінен босатылды.
Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық тергеу жүріп жатыр. Әскери-теңіз күштері штабының бастығы Данияр Хайрушевті қоса алғанда, бес әскери қызметші Ақтаудағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қызметіне салғырт қарады және кеме жүргізу ережелерін бұзды деген айып тағылып отыр.