Әлеумет

«Оқып-жазуды білмеген»: БҚО-да 10 жасар бала қоқыстан тамақ жеп күнелткен

Батыс Қазақстан облысында 10 жасар ұлын қараусыз қалдырып, оны қоқыс алаңынан тамақ пен киім іздеуге мәжбүрлеген әйел ата-ана құқығынан айырылды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Сот материалдарына сәйкес, бала туғаннан бері анасымен бірге қараусыз қалған үйде тұрған. Үйге үнемі бөгде адамдар келіп тұрған. Әйел ішімдікке әуес болып, баласының тәрбиесі мен жағдайына көңіл бөлмеген.

Бала мектепке мүлде бармаған. Ол оқып-жазуды білмеген, ал тамақ пен киімді қоқыс арасынан іздеп күнелткен.

2026 жылы баланы отбасынан алып, Балаларды қолдау орталығына орналастырған. Кейін ол отбасылық үлгідегі балалар ауылына қамқорлыққа берілген.

Осы уақыт ішінде анасы баласына бір рет те бармаған. Сондай-ақ сот отырыстарына қатыспаған.

Психологтың қорытындысына сәйкес, бала ауыр психологиялық жарақат алған. Ол анасымен байланысын жоғалтып, қайтадан қоқыс алаңына түсіп қалудан қорқатын болған.

Бала жаңа ортада өзін қауіпсіз сезінетінін айтқан. Оның сөзінше, балалар ауылындағы таза төсек пен жақсы тамақ оған ұгнған.

Сот әйелдің баласын тәрбиелеуден қасақана жалтарғанын дәлелденген деп танып, оны ата-ана құқығынан айырды.

Сонымен қатар әйелге алимент төлеу міндеті жүктелді. Өндірілген қаражат баланың жеке депозиттік шотына аударылатын болады.