«Үйге бәрі бірдей оралмады»: Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалғандар туғандарымен қауышты
Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан аман қалған үш сарбаздың үйіне оралған сәті әлеуметтік желіде тарады. Олардың арасында Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласынан шақырылған 19 жастағы Ақжол Темерхан да бар., деп хабарлайды buginmedia.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Блогер Азамат Сарсенбаев Ақжолмен және оның ата-анасымен кездескен. Жас сарбазды жақында ауруханадан шығарған.
Ақжол Темерхан — Маңғыстау облысынан әскерге шақырылған сарбаздардың ішінде осы қайғылы оқиғадан аман қалған жалғыз жауынгер.
Азамат Сарсенбаев әлеуметтік желідегі жазбасында сарбаздың елге оралуы әдеттегідей қуанышты жағдайда өтпегенін айтты.
«Әдетте сарбаздардың мұндай ерекше күні қуанышқа толы болады. Естелікке суретке түсіп, бір-бірін құттықтап, армиядағы достықты еске алады. Бірақ бұл жолы олай болмады», – деп жазды блогер.
Алдағы уақытта Ақжол ата-анасымен бірге қаза тапқан қаруластарының отбасыларына барып, көңіл айтуды жоспарлап отыр.
Еске салайық, Каспий теңізіндегі қайғылы оқиға салдарынан 14 әскери қызметші қаза тапқан.