Әлеумет

«Анасын ұрып-соғып, байлап ұстаған»: Алматыда жалаңаяқ әйел көшеде көмек сұраған

Алматыда қолы байланған, жалаңаяқ әйелдің көшеде жылап, көмек сұрап жүрген сәті видеоға түсіп, әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оқиғаны түсірген тұрғынның айтуынша, әйел үйден қашып шығып, көшедегі адамдардан көмек сұраған. Оның сөзінше, әйелді туған ұлы ұрып-соғып, аузын және қолын ұзын бинтпен байлап қойған. Бұған ер адамның анасы оның отбасылық өміріне араласа береді деген реніші себеп болған.

Видео авторы әйелге су мен аяқ киім беріп, полиция шақырған. Кейін жәбірленуші полиция қызметкерлеріне тапсырылған.

Оқиғаға байланысты Алматы қаласының Полиция департаменті тексеру бастаған.

«Әйелдің жеке басы анықталды. Қазіргі уақытта ол полиция бөлімінде түсініктеме беріп жатыр. Сонымен қатар аталған жағдайға қатысты бұған дейін полицияға ешқандай өтініш немесе хабарлама түспеген», – деп хабарлады ведомство.

Қазір Алатау аудандық полиция басқармасы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тексеру нәтижесінде жағдайға құқықтық баға беріліп, тиісті шаралар қабылданады.