Әлеумет

Танымал журналист Индира Жылқайдарова қайтыс болды

Журналист Жазира Бегалы ауыр дертке шалдыққаннан кейін өмірден өткен әріптесі Индира Жылқайдарованы еске алып, әлеуметтік желіде жүрек тебірентерлік жазба жариялады. Ол марқұммен бірге жұмыс істеген кездерін еске алып, онымен жүздесіп үлгермегеніне өкінетінін айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Жазира Бегалы мен Индира Жылқайдарова 7-арнада бірге жұмыс істеген. Журналистің айтуынша, Индира талантты, еңбекқор, ақкөңіл әрі айналасына мейірімін төге білетін жан болған.

Әріптесінің ауыр дертке шалдыққанын естігенде, Жазира Бегалы әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы көпшіліктен көмек сұраған. Ол Индираның ауруды жеңіп шығатынына сенген.

Журналист арна жұмысын тоқтатып, қызметкерлерді жаппай қысқарту туралы қауесет тараған кезеңде Индирамен мессенджер арқылы жиі сөйлескенін еске алды. Жақында сол кездегі хаттарын қайта оқып шыққан.

«Менің бір кейіпкерімнің дертінің емі бар деп сүйінші сұрап жазыпты. Бірақ неліктен екеуміз жүздеспедік? Өкініп отырмын», – деп жазды ол.

Жазира Бегалы Индираның қайтыс болғаны туралы хабарды естігенде есеңгіреп қалғанын жеткізді. Оның айтуынша, марқұм әлі талай асуды бағындырып, көптеген белесті бағындыратын еді.

«Ол ауруды жеңеді деп сенген едім. Үміт екен. Сол үзілді. Индира талай асу, белесті бағындыратын еді», – деп жазды журналист.

Сондай-ақ ол марқұмның отбасына қайғыра көңіл айтып, жазбасын «Қош бол, алтын қыз!» деген сөздермен аяқтады.

Индира Жылқайдарова отандық журналистикада ұзақ жыл еңбек етіп, кәсіби тәжірибесін шыңдады. Оның шығармашылық жолының маңызды кезеңдері «Хабар» агенттігі мен «7 арнадағы» қызметімен байланысты. Бұдан бөлек, бірнеше жыл бойы парламенттік журналистика саласында еңбек етіп, Мәжілістің жұмысы, депутаттардың бастамалары мен заң шығару барысын ақпарат құралдарында тұрақты түрде қамтыды.