Әлеумет

Қарттар күні: биыл кімдерге біржолғы көмек беріледі?

1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Осыған орай Қазақстанның бірқатар өңірінде қарт азаматтарға біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Астанада қала әкімдігінің мәліметінше, жасы бойынша зейнеткерлерге және ең төмен мөлшердегі зейнетақы алатын зейнет жасындағы азаматтарға 2,5 АЕК көлемінде біржолғы төлем беріледі. Бұл көмек 100 мыңнан астам зейнеткерді қамтиды.

Шымкентте 70 жастан асқан 29 841 азаматқа 3 АЕК, яғни 12 975 теңге көлемінде біржолғы төлем беріледі. Жалпы төлем сомасы 387,2 млн теңгені құрайды. 

Павлодар облысында зейнеткерлік жасқа толған және зейнетақы немесе жәрдемақының ең төмен мөлшерін алатын азаматтарға 2 АЕК, ал осы санаттағы 80 жастан асқан азаматтарға 3 АЕК көлемінде көмек қарастырылған. Бұл норма аудандық мәслихаттың әлеуметтік көмек көрсету қағидаларында бекітілген. 

Ал Түркістан облысының әкімдігі биыл өңірде қарттарды әлеуметтік қолдау жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады. Облыста 200 мыңнан астам зейнеткер тұрады, сондай-ақ 20-дан астам «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы жұмыс істейді. 

Жалпы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қарттар күніне орай біржолғы материалдық көмек бірнеше өңірде қарастырылған. Алайда төлем мөлшері мен оны алушылар санаты өңірге қарай өзгереді.