Аймақ

Сеулдегі құрылыс алаңында қазақстандық көз жұмды

Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында құрылыс нысанында Қазақстан азаматы қаза тапты. Қайғылы оқиға көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс алаңында болған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оңтүстік Кореяның Еңбек министрлігінің мәліметінше, шамамен 30 жастағы қазақстандық азамат ғимараттың 23-қабатындағы пәтерлердің бірінде тазалық жұмыстарының басталуын күтіп отырған.

Сол сәтте бетон төбенің бір бөлігі кенеттен опырылып түсіп, ер адамды басып қалған. Ол алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.

Қайғылы жағдайдан кейін құрылыс нысанындағы жұмыстар уақытша тоқтатылды. Қазір полиция мен Еңбек министрлігі оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі азаматтың қаза болғанын растады. Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыс орнатып, қажетті консулдық көмек көрсетіп жатыр.