Мәдениет

«Сұлуым» әнімен көпшілікке танылған әнші қайтыс болды

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Болат Әбдіахметов өмірден өтті. Өнер иесі «Жалаңаяқ қыз», «Сұлуым» сынды әндерімен көпшілікке танылған, деп хабарлайды buginmedia.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Әншінің қайтыс болғанын оның жақындары әлеуметтік желіде хабарлады.

«Құрметті жақындары, достары, әріптестері және Болат Нұқыбайұлының шығармашылығын құрметтейтіндер. Болат Әбдіахметовтің өмірден озғанын хабарлаймыз», – деп жазды марқұмның жақындары.

Болат Әбдіахметов қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Шар қаласында дүниеге келген. Ол Мәскеу мемлекеттік музыка училищесінде эстрада және джаз сыныбында білім алған.

Өнер иесі Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Ресей, Қытай және Таиландта концерт берген.

Әншінің шығармашылығында Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Жалаңаяқ қыз» әнінің орны ерекше. Композицияны Орталық Азия мен Еуропаның бірқатар елдеріндегі тыңдармандар да жақсы қабылдаған.