«Террористерді жойдық»: Flydubai жолаушысы ұшақтағы жағдайды видеоға түсірді
Дубайдан Тель-Авивке ұшып шыққан Flydubai ұшағы Сауд Арабиясына шұғыл қонуға мәжбүр болды. Борттағы жолаушылардың бірі түсірген видео әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Кадрларда ер адам ұшақтағы жағдайды айтып, жолаушыларға көмек қажет екенін жеткізген.
«Біз террористердің көзін жойдық. Қазір қонуға дайындалып жатырмыз. Мені естіп тұрғандар болса, бізге көмек қажет. Ұшқыштан басқасының бәрі аман-есен», – дейді ол.
Оқиға 30 қыркүйекте болған. Flydubai компаниясының FZ1073 рейсі Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған. Ұшақ ұшу барысында бірнеше рет төтенше жағдай сигналын беріп, кейін бағытын өзгерткен. Нәтижесінде Boeing 737 Сауд Арабиясының солтүстік-батысындағы Табук әуежайына қонды.
Төтенше сигналға не себеп болды?
Reuters агенттігі израильдік шенеунікке сілтеме жасап, әуе кемесіндегі дабылдарға ұшқыштар арасындағы жанжал себеп болуы мүмкін екенін хабарлады.
Flightradar24 дерегіне сәйкес, ұшақ алдымен жалпы төтенше жағдай сигналын жіберген. Бірнеше минуттан кейін бортқа заңсыз араласу болуы мүмкін екенін білдіретін сигнал берілген. Кейін тағы да жалпы төтенше жағдай сигналы жіберіліп, ұшақ Табукке қауіпсіз қонған.
Flydubai әуе кемесінде «оқиға болғанын» растады. Алайда компания оның нақты себебін ашқан жоқ.
«FZ1073 рейсі Табук әуежайына қауіпсіз қонды. Барлық жолаушы аман және түгел. Біздің командалар тиісті органдармен тығыз жұмыс істеп жатыр», – деп хабарлады Flydubai.
Алғашқы мәлімет бойынша, Израиль премьер-министрінің кеңсесі жағдайды ұшақты басып алу ретінде қарастырмаған. Дегенмен, кейін Reuters израильдік шенеуніктер оқиғаның террорлық әрекет болуы мүмкін деген нұсқаны да тексеріп жатқанын хабарлады.
Қазір бортта нақты не болғаны және төтенше сигналдардың қандай себеппен берілгені жөнінде ресми қорытынды жоқ. Ұшақтағы жолаушылардың барлығы аман. Израиль билігі оларды елге қайтару мәселесін ұйымдастырып жатыр.