Әлеумет

Қарағандыда полиция пунктінен өлі табылған 23 жастағы келіншектің ісіне қатысты жаңа дерек шықты

Қарағандыда полицияның учаскелік пунктінде 23 жастағы әйел қайтыс болған іс бойынша сот процесі басталды. Айыпталушы – учаскелік полиция инспекторы. Сот отырысы жабық форматта өтіп жатыр, деп хабарлайды buginmedia.kz КТК телеарнаасына сілтеме жасап.

Оқиға 2025 жылғы 30 қыркүйекте болған. Сол күні кешкі сағат 22:00 шамасында учаскелік инспектордың әріптесі полиция пунктінен ес-түссіз жатқан екі адамды тапқан. Олардың бірі – 23 жастағы әйел, екіншісі – 2011 жылдан бері полицияда қызмет етіп келген 36 жастағы полиция майоры.

Алдын ала мәлімет бойынша, екеуі де есірткіден уланған болуы мүмкін. Әйел оқиға орнында көз жұмған. Полиция майоры ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Ол есін жиғаннан кейін қызметінен босатылып, қамауға алынған.

Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 370-бабы – қызметтегі әрекетсіздік бойынша қаралып жатыр. Ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда бұл бап бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сот басталар алдында айыпталушының адвокаты істі жабық режимде қарауды сұраған. Оның айтуынша, іс материалдарында тараптардың интим сипаттағы әрекеттері мен хат-хабарлары бар.

«Сот ісінің жабық жағдайда өткенін талап етеміз. Өйткені іс материалдарында тараптардың интим сипаттағы әрекеттері суреттелген тұсы бар. Сонымен қатар, екеуара бір-біріне жазған хаттарында да осындай сипаттағы жазбалар бар. Бұл фактілер қоғам назарына шықпауы керек деп санаймын», – деді адвокат Әсет Түбеков.

Судья қорғаушының өтінішін қанағаттандырып, БАҚ өкілдерін сот залынан шығарған.

Алайда марқұмның туыстары соттың жабық өтуіне қарсы. Олардың сөзінше, полиция пунктінде сол күні не болғаны қоғамға белгілі болуы керек. Тергеудің бір жылға созылғанына және сот процесінің жабық қаралуына байланысты олар істің әділ қаралуына алаңдайтынын жеткізді.

«Шешесінің рұқсатынсыз ешқайда шыға алмайтын. Шақырып алып, сондай дәрежеге жеткізді. Өзінің несіне пайдаланған ғой, сондай әрекеттерге. Өтемақысын өтесін, бала жетім қалды, күнде анасын іздеп жылайды», – деді марқұмның нағашы әпкесі Айгүл Сүлейменова.

Марқұмның артында бес жастағы ұлы қалған.

Оқиғадан кейін Қарағанды қалалық ішкі істер басқармасы мен облыстық полиция департаментінің бірқатар лауазымды қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылып, қатаң сөгіс алған. Ал аудандық полиция бөлімінің басшысы қызметінен босатылған.