Астанада Zeekr мен автобус соқтығысып, төрт адам жарақат алды
Астанада Zeekr автокөлігі мен Yutong автобусының қатысуымен жол апаты болып, төрт адам медициналық көмекке жүгінді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оқиға 29 қыркүйекте Мәңгілік Ел даңғылы мен Хусейн бен Талал көшелерінің қиылысында болған.
Полицияның мәліметінше, Zeekr жүргізушісі бағдаршамның жасыл түсіне солға бұрылған. Осы кезде қарсы бағыттан келе жатқан Yutong автобусына жол бермей, көлікпен соқтығысқан.
Апат салдарынан Zeekr жүргізушісі мен оның жолаушысы, сондай-ақ автобустағы екі жолаушы ауруханаға жеткізілген.
Жол-көлік оқиғасынан кейін Zeekr коммуналдық тұраққа қойылды. Қазіргі уақытта полиция апаттың барлық мән-жайын анықтап жатыр.