«Бұл енді әртістің жеке мәселесі емес»: Жан Мұқанов шоу-бизнестегі есірткіге тәуелділер туралы айтты
Қазақстандық продюсер Жан Мұқанов шоу-бизнес өкілдері арасында синтетикалық есірткіге қатысты жағдайға алаңдайтынын айтты. Ол қазіргі кезде жастар мен өнер адамдары арасында мұндай заттардың таралуы өзекті мәселеге айналғанын жазды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Продюсер бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеген.
«Мен қазір тіпті алкоголь туралы айтып отырған жоқпын. Синтетикалық есірткінің – мефедрон, "кристалл", стимуляторлардың қаншалықты жылдам таралып жатқаны мені әлдеқайда қатты алаңдатады», – деп жазды Жан Мұқанов.
Оның пікірінше, есірткіге тәуелділікті тек адамның жеке мәселесі ретінде қарастыруға болмайды. Продюсердің айтуынша, өнер адамының мұндай жағдайға түсуі оның айналасындағы әріптестері мен бүкіл шығармашылық командаға әсер етуі мүмкін.
Мұқановтың сөзінше, бір жағдайда адамдар есірткі сатушылармен байланыс орнатуға немесе оны жеткізуге араласса, енді бірі тәуелділіктің салдарын жоюға мәжбүр болады.
Продюсер нақты бір әртістің атын атамаған. Алайда ол шығармашылық ортадағы тұрақсыздық пен жауапсыздықтың кей жағдайларда есірткіге тәуелділікпен байланысты болуы мүмкін екенін айтты.
«Егер әртістің айналасында үнемі сәтсіздіктер, жоғалып кету, оғаш мінез-құлық, орындалмаған міндеттемелер болса, содан-ақ түсіне беріңіздер. Есірткі – мамандықтың бір бөлігі емес. Таланттың да, табыстың да бір бөлігі емес. Егер оның тәуелділігінен өзгелер зардап шегетін болса, бұл енді "әртістің жеке мәселесі" емес», – деді ол.
Жан Мұқанов әріптестерін мұндай жағдайларға бейжай қарамауға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін продюсер әнші Төреғали Төреәлімен кәсіби серіктестігін тоқтатқанын мәлімдеген. Бұған Павлодардағы ипподромның ашылуына әншінің келмей қалуы және келісімшарт талаптарының бұзылуы себеп болғанын айтқан еді. Осыдан кейін орындаушының бірқатар жеке концерті мен гастрольдік сапары кейінге шегерілген.