Әлеумет

«Қолым мен аяғымнан айырылдым»: АМӨЗ жұмысшысы кәсіпорын уәдесін орындамай отырғанын айтты

Атырау мұнай өңдеу зауытында пойыз құрастырушы болып еңбек еткен Мейрамбек Ғалымжан жұмыс барысында ауыр жарақат алып, қолы мен аяғынан айырылған. Оның айтуынша, оқиғадан кейін кәсіпорын басшылығы қажетті көмек көрсетіп, шығындарын өтейтінін айтқанымен, уәде орындалмаған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оқиға 2025 жылғы 17 қаңтарда болған. Мейрамбектің сөзінше, ол сол күні техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтап, өз міндетін атқарған. Алайда жұмыс кезінде ауыр жарақат алып, нәтижесінде қолы мен аяғынан айырылған.

Жұмысшы болған жағдайға кәсіпорындағы қауіпсіздік талаптарының сақталмауын себеп деп санайды.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты тарапынан көптеген қателіктер болды. Дәлірек айтар болсақ, 17 вагон қоятын жерге 25 вагон қойған. Сигналдар дұрыс бақыланбаған, айта берсек, ол жерде өте көп қателіктер бар. Соған қарамастан Еңбек инспекциясы мені 70%, ал мекемені 30% кінәлі етіп шығарып берді», – деді Мейрамбек Ғалымжан.

Оның айтуынша, оқиғадан кейін кәсіпорын өкілдері оны жұмыссыз қалдырмайтынын айтып, жаңа қызмет ұсынуға уәде берген. Тіпті оған арнайы штат ашылатыны да айтылған.

«Маған барлық жағдайды жасап, жұмыс тауып беретінін, тіпті жеке штат ашатынын айтып уәде берді. "Уайымдама, далада қалдырмаймыз" деген соң, әрине, мен сендім. Күттім, бірақ ешқандай көмек болмады», – деді ол.

Мейрамбек қазір екінші топтағы мүгедектігі бар екенін айтты. Оның сөзінше, емделуге қажетті дәрі-дәрмек пен басқа да шығындардың барлығын өзі төлеуге мәжбүр болған.

Ол кәсіпорын басшылығынан материалдық шығынды толық өтеуді және қолы мен аяғына протез жасауға көмектесуді талап етіп отыр.

«Басшылықтан тек материалдық залалдың толыққанды өтелуін сұраймын. Мен өзіме керек затты әлі күнге дейін ала алмай отырмын. Халықтың алдына шығып, соттасып жүрмесем, жүре беремін. Далада қаламын», – деді Мейрамбек Ғалымжан.

Қоғам белсендісі Рүстем Баязиевтің айтуынша, Мейрамбек отбасындағы үлкен ұл әрі жалғыз асыраушы болған. Ол әкесінен ерте айырылған.

Мейрамбек кәсіпорын тарапынан уәде етілген көмекті көрсетіп, өзі жұмсаған шығындарды өтеуді талап етіп отыр.

Еңбек инспекциясы не деді?

Оқиғаға қатысты Атырау облысының еңбек инспекциясы да түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, жазатайым оқиғаға байланысты 2025 жылғы 23 қаңтардан 12 ақпанға дейін арнайы тергеп-тексеру жүргізілген.

Тексеру қорытындысында оқиғаға қызметкердің «өрескел абайсыздығы», сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулық талаптарын сақтамауы себеп болғаны анықталған.

Осыған байланысты «РТИ-АМӨЗ» ЖШС басшылығына бірқатар ұсыныс берілген. Атап айтқанда:

оқиғаның мән-жайы мен себептерін кәсіпорын қызметкерлеріне түсіндіру;

маневрлік жұмыстарды қауіпсіз ұйымдастыру бойынша қосымша практикалық сабақтар өткізу;

еңбекті қорғау талаптарының сақталуына бақылауды күшейту.

Сонымен қатар зардап шеккен азаматқа Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес әлеуметтік қорғауға қатысты құқықтары түсіндірілген.

«Сондай-ақ аталған жазатайым оқиға АКТ бойынша шағымдану тәртібімен зардап шеккен азаматтың өтініші негізінде бас мемлекеттік инспектордың қарауынан өтті», – деп хабарлады Еңбек инспекциясы.

Ал қоғам белсендісі Рүстем Баязиев кейін өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында апелляциялық сотта Мейрамбек Ғалымжановтың пайдасына шешім шыққанын жазды.

«Әрі қарай қылмыстық істің нәтижесін көреміз. Атырау облысының полиция департаменті анықтау бөлімі жан-жақты тергеп, сотқа жіберіп, әділ шешім шығады деген сенімдеміз», – деп жазды Рүстем Баязитов.