Әлеумет

«Шұрық тесік жолдар мезі етті»: ҚазАвтоЖолдың қызметіне шағым көбейіп барады

Қазақстандағы республикалық маңызы бар жолдардың жағдайына қатысты жүргізушілер әлеуметтік желілерде жиі шағым айтып жүр. Негізгі мәселелердің қатарында жолдағы шұңқырлар, жөндеу жұмыстарының белгіленуі, асфальт сапасы және ақылы трассалардағы қауіпсіздік бар, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Орал – Ақсай тасжолы

2026 жылғы тамызда қазақстандық Куаныш Қалижанов Threads желісінде Орал-Ақсай трассасының жағдайын көрсететін видео жариялады. Оның жазбасында жол жабынының қатты тозғаны көрсетілген. Автор трассаның жағдайына назар аударған.

«Ресейге баратындардың бәрі бірауыздан Ресейдің жолдары мінсіз екенін айтады. Бізде ғана шұңқырлар бар», – деп жазды ол. 

Бұл жолдың жағдайына қатысты шағымдар бұған дейін де айтылған. Жергілікті тұрғындар мен жүргізушілер тасжолды өндеу мәселесін бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатыр.

«Ақсай, Орал тұрғындары және жол бойындағы ауылдардың халқы бұл жолды жөндеуді көп жылдан бері сұрап келеді. Шамамен бес жыл бұрын жөндеу басталған сияқты еді. Бірақ трассаны төрт учаскеге бөліп, ең проблемалы бөлігі ортада қалды», – деді Umarovnews редакторы Талғат Умаров Kursiv Auto-ға

Жүргізушілер ең бұзылған учаскені Богдановка арқылы айналып өтуге мәжбүр.

Бұл жолдың жағдайына қатысты шағымдар бұған дейін де айтылған. Жергілікті тұрғындар мен жүргізушілер трассаны жөндеу мәселесін бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатыр.

Түркістан облысында жөнделген жол қайта бұзыла бастаған

2026 жылғы тамызда әлеуметтік желіде Түркістан облысы Келес ауданындағы жолдың жағдайы көрсетілген видео тарады. Тұрғынның айтуынша, асфальт төселгеніне шамамен бір ай ғана болғанымен, кей жерлерде жол ойылып, шұңқырлар пайда болған. 

Әңгіме Абай ауылы жағынан Жетісай бағытына қарай, Лесбек батыр ауылы мен «Яллама» өткізу пункті бағытына өтетін жолдың 149–151 шақырым аралығы туралы болып отыр.

Мердігерге кемшіліктерді кепілдік міндеттемелері аясында жою тапсырылған.

Жөндеу кезіндегі қауіпсіздік мәселесі

Жүргізушілердің тағы бір шағымы – жол жөндеу кезінде ескерту белгілерінің жеткілікті қойылмауы.

2025 жылы Балқаш – Қарағанды трассасында жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскеде болған жол апаттарынан кейін жолдағы шұңқырлар мен ескерту белгілеріне қатысты шағымдар айтылған. Бір жүргізуші түнде жолдағы шұңқырға түсіп, өзі мен жолаушысы зардап шеккенін мәлімдеген. Оқиғаға қатысты мәліметтер және жол жөндеу учаскесіндегі қауіпсіздік мәселесі туралы eKaraganda басылымы жазған.

Сол тасжолдағы жол белгілеріне қатысты да шағым болған. Бектау-Ата тұрғыны Данияр Игембаев жол белгілерінің желден бұрылып, жүргізушілерге дұрыс көрінбейтінін айтқан.

Асфальт сапасына қатысты шағым

Әлеуметтік желіде Жилаево–Орал жолының жағдайына қатысты шағым жарияланды. Қолданушы жолдың қашан толық жөнделіп, пайдалануға берілетінін сұраған.

«Қанша уақытқа дейін тұрғындар шұңқырлар мен ойылған асфальтпен жүруі керек? Жөндеу мерзіміне кім жауап береді, жұмыстың сапасын кім бақылайды? Тұрғындар қашан қалыпты әрі қауіпсіз жолмен жүре алады?» – деп жазды ол.

Қолданушы жолдың сапасы тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететінін айтады.

Жол сапасына Үкімет те назар аударды

Жол сапасына қатысты мәселе әлеуметтік желімен ғана шектелмейді. 22 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ҚазАвтоЖол басқарма төрағасы Дархан Иманашевқа жолдардың сапасына байланысты ескерту жасап, кемшіліктерді түзетпесе қызметінен кететінін ескертті.

Ал 28 қыркүйекте ҚазАвтоЖол 2026 жылы жол жұмыстарының сапасын тексеру кезінде 1670 ақау мен кемшілік анықталғанын хабарлады. Оның ішінде шұңқырлар, жарықтар, асфальт жабынының ығысуы және жолдың ойылуы сияқты кемшіліктер болған. Компания мәліметінше, олардың 831-і, яғни 49,8 пайызы жойылған. Техникалық қадағалау мамандарына 53,4 млн теңге айыппұл салынып, 22 сарапшы жұмыстан шығарылған.

Сонымен қатар, ҚазАвтоЖолдың 1403 байланыс орталығы 24–30 тамыз аралығында республикалық жолдарға қатысты 16 мыңнан астам өтініш қабылдаған. Өтініштердің басым бөлігі ақылы жолдарға төлем жасау, бұзылған көліктерді сүйрету және басқа да жол мәселелеріне қатысты болған.

Осы деректерді ескерсек, жүргізушілер ақылы және республикалық жолдардың сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптар қаншалықты орындалып жатыр және анықталған кемшіліктер толық қашан жойылатынын сұрайды

Қазақстанда 8 айда жол апатынан 1230 адам қаза тапты

Energyprom мәліметінше,  Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында 21,4 мың жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға аз. Жол апатынан қаза тапқандар саны 15 пайызға төмендеп, 1 446-дан 1 230 адамға дейін қысқарған. Жарақат алғандар саны да 6 пайызға азайды.

ЖКО саны 20 өңірдің 17-сінде төмендеген. Ең үлкен өсім Ұлытау, Абай және Маңғыстау облыстарында байқалған.

Республикалық маңызы бар жолдарға жол апатынан қаза болғандардың 45 пайызы тиесілі. Апат қаупі жоғары бағыттардың қатарында Алматы–Ташкент, Алматы–Бішкек, Шымкент–Самара және Алматы–Өскемен трассалары аталған.

Қорыта айтқанда, ҚазАвтоЖолға әлеуметтік желіде жарияланған шағымдардың қаншасы ресми түрде тіркеледі, олардың қаншасы бойынша нақты шара қабылданды және мердігерлердің сапасыз жұмысы үшін қандай жауапкершілік қарастырылған деген сұрақ туындайды.