Білім

Оқушылар телефонды мектепте қандай жағдайда пайдалана алатыны белгілі болды

Қазақстан мектептерінде оқушылардың сабақ кезінде ұялы телефон пайдалану тәртібі өзгереді. Оқу-ағарту министрлігі білім алушылар мен тәрбиеленушілерге арналған жаңа қағидаларды бекітті, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оқу-ағарут министрінің бұйрығана сәйкес, оқушылар сабақ басталғанға дейін телефондарын дыбыссыз режимге қоюы немесе толық өшіруі керек.

Жаңа талап бойынша, сабақ кезінде телефонды еркін пайдалануға болмайды. Алайда үш жағдайда ерекше рұқсат беріледі.

Біріншіден, мұғалім оқу тапсырмасын орындау үшін телефонды пайдалануға рұқсат бере алады. Екіншіден, оқушының немесе басқа адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда телефон қолдануға болады. Үшіншіден, оқушының денсаулығына байланысты құрылғыны пайдалану қажет болса, оған рұқсат етіледі.

Мұғалім телефонды пайдалануды өзі реттейді

Оқу тапсырмасын орындау үшін телефон қолданылатын болса, мұғалім алдымен тапсырманың мазмұнын, құрылғыны пайдалану тәртібі мен уақытын түсіндіруі тиіс. Сондай-ақ телефонды қашан қосып, қашан өшіру керегін өзі белгілейді.

Оқушылар құрылғыны тек берілген тапсырманы орындау үшін пайдаланып, мұғалім белгілеген талаптарды сақтауы керек. Тапсырма аяқталған соң телефонды қолдануды тоқтатуға міндетті.

Сабақ барысында телефонның фото, аудио және бейнежазба функцияларын да пайдалануға рұқсат етіледі. Бірақ ол үшін мұғалімнің нұсқауы болуы және дербес деректерді қорғау, адамның жеке өміріне қол сұқпау талаптары сақталуы қажет.

Мектептерде телефон сақтайтын орын белгіленуі мүмкін

Жаңа қағида бойынша, мектептің материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық мүмкіндігі болса, оқушылардың телефондарын сақтауға арналған арнайы орындар жабдықталады.

Мұндай орындар болған жағдайда, телефондарды орналастыру және олардың сақталуын қамтамасыз ету тәртібін мектептің ішкі ережелері айқындайды.

Сонымен қатар, мектеп әкімшілігі ата-аналар мен оқушыларға телефон қолдану талаптарын түсіндіруге міндетті.

Ата-аналар балаларымен қалай байланыса алады?

Жаңа ережеде сабақ кезінде ата-аналар мен оқушылардың шұғыл байланыс жасау тәртібі де қарастырылған. Бұл мәселе мектептің ішкі тәртіп қағидаларында белгіленеді.

Атап айтқанда, мектеп ата-аналар мен балалар арасындағы шұғыл ақпарат алмасу үшін арнайы телефон нөмірін айқындауы тиіс. Осылайша, сабақ кезінде телефон қолдануға шектеу қойылғанымен, шұғыл жағдайда байланыс жасау мүмкіндігі сақталады.

Жаңа талаптардың орындалуына мектеп басшысы жауапты болады. Қағида меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, барлық орта білім беру ұйымдарына қолданылады.

Министрлік бұйрығына сәйкес, құжат алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді.