Астанада әйелдің өліміне қатысты төрт бұрынғы полицей ұсталды
Астанада автотұрақта әйелдің қаза болуына байланысты төрт бұрынғы полиция қызметкері ұсталды, деп хабарлайды buginmedia.kz Hronika.kz сайтына сілтеме жасап
29 қыркүйекте сағат 00:45 шамасында бұрын ішкі істер органдарында қызмет атқарған төрт адам уақытша ұстау изоляторына қамалған. Олардың арасында «Сарыарқа» аудандық полиция басқармасының бұрынғы тергеушісі мен учаскелік инспекторы, сондай-ақ «Нұра» аудандық полиция басқармасының екі бұрынғы учаскелік инспекторы бар.
Олар Қылмыстық кодекстің 371-бабы 2-бөлігі («Абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық») бойынша сотқа дейінгі тергеу аясында ұсталған. Төртеуінің де полициядағы қызметі 28 қыркүйекте теріс себептермен тоқтатылған.
Сонымен қатар оқиғадан кейін Астана полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары қызметінен босатылған.
Әйелді бұрынғы күйеуі өлтірген
Еске салайық, 23 қыркүйекте Астанада әйел автотұрақта қаза тапқан. Тергеу нұсқасы бойынша, оның бұрынғы күйеуі Haval M6 көлігінің ішінде жанжал кезінде әйелге пышақпен 13 рет соққы жасаған. 1996 жылы туған әйел алған жарақаттарынан көз жұмған.
1993 жылы туған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Тергеу барысында әйелдің бұған дейін бұрынғы күйеуіне қатысты бірнеше рет полицияға жүгінгені анықталған. Ол ер адамның күш қолданғанын, зорлағанын және өзіне қауіп төндіргенін айтқан.
2025 жылғы 5 маусымда ер адамға қорғау нұсқамасы шығарылған. 2026 жылғы 18 тамызда оған қайтадан қорғау нұсқамасы беріліп, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
21 тамызда прокуратураның нұсқауымен бұл материалдан зорлау фактісі бойынша бөлек қылмыстық іс бөлінген. Алайда 23 қыркүйекте аталған іс тоқтатылған.
Кейін жеңіл зиян келтіру туралы іс Қылмыстық кодекстің 110-бабы 1-бөлігіне, яғни қинау бабына қайта сараланған.
Әйелдің қазасына дейін қоқан-лоқы жалғасқан
Тергеу мәліметіне сәйкес, 7 қыркүйекте ер адам бұрынғы әйелінің үйіне барып, оны пышақпен қорқытқан. Осыған ұқсас жағдай 9 қыркүйекте де болған.
22 қыркүйекте іс «Сарыарқа» аудандық полиция басқармасында қаралып жатқан. Аудан прокуратурасы істің бастапқы саралануымен келіспей, әрекетті қинау бабы бойынша қайта саралауды және материалды анықтау бөліміне жолдауды тапсырған.
Осыдан кейін күдікті босатылған. Келесі күні әйел қаза тапқан.
Оқиғадан соң ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері марқұмның арыз-шағымдарын қараған полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты қызметтік тексеру бастаған.
Ұсталған полицейлердің қызметі тоқтатылған
Ұсталған төрт адамның ішкі істер органдарындағы қызметі 28 қыркүйекте теріс себептермен тоқтатылған.
Ал қаза болған әйелдің бұрынғы күйеуі де полицияда жұмыс істеген. Ол 2014 жылдан 2026 жылғы 29 шілдеге дейін ішкі істер органдарының түрлі бөлімшелерінде қызмет атқарып, кейін өз еркімен жұмыстан кеткен. Бұрынғы әйелімен 14 қыркүйекте ресми түрде ажырасқан.
Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін экс-күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдің құрбысы жазба жариялап, халықтан көмек сұраған еді.