Қазақстанда ет қымбаттай ма - министрлік жауабы
Қазақстанда сиыр етінің орташа бағасы қазір бір келісі үшін шамамен 3,8 мың теңгені құрайды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова мәлімдеді.Вице-министр алдағы уақытта ет бағасының өзгеруіне қатысты болжамын айтып, қазақстандықтарды жақын арада ет қымбаттай ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Астанада сиыр етінің бағасы орта есеппен 3,8-4 мың теңге аралығында. Кейбір сауда орындарында оның бір келісі 4,4 мың теңгеге дейін барады.
Оның айтуынша, елордадағы «Шапағат» базарында сиыр етінің бір келісі шамамен 3,9 мың теңге болса, «Артем» базарында 4,4 мың теңге көлемінде сатылып жатыр.
Вице-министр алдағы уақытта ет бағасының күрт өсуіне негіз жоқ екенін айтты.
«Біз күрт қымбаттауға ешқандай негіз көріп отырған жоқпыз. Ішкі нарық толығымен отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етілген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 434 мың тонна сиыр етін өндірдік. Биыл да өндіріс көлемінің өсіп келе жатқанын көріп отырмыз», – деді Назгүл Хатепова.
Алайда вице-министр министрлік қандай баға өсімін «күрт қымбаттау» деп есептейтінін және ет бағасын ұстап тұру үшін қандай нақты тетіктер қолданылатынын нақтыламады.