Әлеумет

Астанада жатақхана коменданты студенттерден заңсыз ақша жинаған

Астанада университет жатақханасының коменданты бес жыл бойы студенттер мен қызметкерлерден ақша жинап, шетелдіктерді заңсыз тіркеген. Бұл туралы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Соттың мәліметінше, Б. жатақхана коменданты бола отырып, университет басшылығының тапсырмасы екенін айтып, 5 жыл бойы студенттер мен қызметкерлерден ай сайын 14 300 теңгеден ақша жинаған. Алайда оның мұндай қаражат жинауға заңды негізі болмаған. Соның салдарынан 3 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген.

Бұдан бөлек, сотталушы университет құжаттарын қолдан жасап, шетелдік азаматтарға уақытша тұруға тіркеу рәсімдеген.

2024 жылғы 16 қыркүйек пен 2025 жылғы 13 ақпан аралығында университет жатақханасында 57 шетелдік азамат тіркелген. Сот мәліметінше, Б. олардың әрқайсысынан тіркеу үшін 40 мың теңгеден алған.

Сотталушының кінәсі жәбірленуші өкілінің және куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденген. Келтірілген залал өтелмеген.

Прокурор Б.-ға түпкілікті 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Алайда сотталушы кінәсін мойындамай, өзін ақтауды талап еткен.

2026 жылғы 25 қыркүйекте сот Б.-ны қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша 2 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар оған ұйымдық-өкімдік және әкімшілік-шаруашылық функцияларды атқаруға байланысты лауазымдарды 3 жылға атқаруға тыйым салынды.

Сот жазаны тағайындау кезінде оның кәмелетке толмаған баласы барын және бұрын сотталмағанын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерген. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Жәбірленушінің азаматтық талап-арызы қанағаттандырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.