Әлеумет

"Сөмкенің екі белдігін дайындап қойған": Экс-күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдің құрбысы жазба жариялады

Астанада бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан 30 жастағы әйелдің құрбысы әлеуметтік желіде жазба жариялап, оқиғаның мән-жайын айтып, көпшіліктен көмек сұрады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Марқұм Жазира Адауова бұған дейін полицияға екі рет арыз жазған. Бұл туралы оның құрбысы әлеуметтік желідегі жазбасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, Жазира Астана қаласында 23 қыркүйекте қаза тапқан. Құрбысының жазуынша, сараптама қорытындысына сәйкес, әйелге бұрынғы күйеуі 16 рет пышақ жарақатын салған.

«23.09.26 жылы Астана қаласында біздің құрбымыз, 1996 жылы 1 наурызда туған Адауова Жазира қаза тапты. Сараптама қорытындысына сәйкес, оның бұрынғы күйеуі оған 16 рет пышақ жарақатын салған. Осы жағдайға дейін полицияға екі рет арызданған. Бірінші рет 18.08.2026 жылы адамды ұрлау, ұрып-соғу, адамның өміріне қастандық жасау бойынша, екінші рет 07.09.2026 жылы үйінің маңайында пышақпен аңдып тұрғаны үшін арыз жазылған. Өкінішке қарай, соңы осылай аяқталды», – деп жазды марқұм Жазираның құрбысы.

Бірінші арыздан кейін ер адам 15 тәулікке қамалған

Құрбысының жазуынша, бірінші арыздан кейін Жазираның бұрынғы күйеуі ұсталып, алайда оны тек көлік жүргізу кезінде мас болғаны үшін 15 тәулікке қамаған.

«Ал адамның өміріне қастандық жасап, өлтіруге әрекеттенгені үшін оны қамауға алмады, босатып жіберді. Әділдікке қол жеткізуге көмектесулеріңізді сұраймыз. Барлық кінәлі тұлғаларды заңға сәйкес жауапкершілікке тартып, оларға барынша қатаң жаза тағайындалуын сұраймыз. Кінәлі адам өз жазасын алып, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы тиіс», – деп жазды ол.

Ол балаларын қатты жақсы көрді

Құрбысының айтуынша, Жазира өмірді жақсы көріп, болашаққа жоспар құрған. Ол марқұмның балаларын ерекше жақсы көргенін жазды.

«Ол балаларын шексіз жақсы көрді және оларға бақытты болашақ сыйлауды армандады. Бұрынғы жолдасы оның балаларын ең қымбат адамынан айырды. Біз полицияға бірнеше рет арыз жаздық. Бірақ оны іздеген де жоқ, іс те орнынан қозғалмады. Ал ол болса қала ішінде еркін жүріп, құрбымды аңдып жүрді. Оны алғаш өлтіруге әрекет жасағанда, ұрып-соғып, тұншықтырған. Ол алдын ала сөмкенің екі белдігін дайындап қойған. Бірін оған, екіншісін өзіне деп айтқан. Құрбым қашып құтылып үлгерді. Тамыз айында және қыркүйектің басында оны тағы да өлтіруге әрекет жасалды. Бұл жолы қолына пышақ алып, үйінің маңында оны аңдып күткен. Өкінішке қарай, үшінші рет болған жағдайдың алдын алып үлгермедік. Жаның жәннатта болсын, жан құрбым», – деп жазды марқұмның құрбысы.

Күдікті бұрын полицияда жұмыс істегені айтылды

Тұрғындардың жазуынша, Қамиден Талант Ерболатұлы Сарыарқа ауданында учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істеген. Әлеуметтік желідегі жазбада оның Сарыарқа аудандық полиция басқармасына қарасты Соқпақбаев көшесінде учаскелік инспектор болғаны айтылған. Сондай-ақ жазба авторы күдіктіні жергілікті тұрғындар жақсы танитынын жазған.

Алайда полиция бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның ресми мәлімдемесіне сәйкес, күдікті ішкі істер органдарының қызметкері болмаған.

Осыған байланысты әлеуметтік желі қолданушылары полицияның жауабына күмән келтіріп, бұрынғы қызметіне қатысты ақпаратты түсіндіруді сұрап отыр.

«Қамиден Талант Ерболатұлы деген Сарыарқа ауданында учаскелік полиция инспекторы болғанын тұрғындар жазып жатыр. Бірақ полиция ресми мәлімдеме жасап, “ол біздің қызметкер емес” дейді. Енді сұрақ: онда мына суреттегі дәлелді қайда қоясыздар? Әлде сіздерде қызметкер болып жүріп осындай жағдай болғасын кейінгі датамен жұмыстан шығарылды ма?» – делінген әлеуметтік желідегі жазбада.

Еске салсақ, Астанада әйел бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапты. Tizgin.kz материалы Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Еске салсақ, Астанада әйел бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапты. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.