Аймақ

Үндістанда кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікпен қазақстандық бапкер іздестіріліп жатыр

Қазақстандық велотренер Максат Аязбаев Үндістанда кәмелетке толмаған спортшыға қатысты жыныстық зорлық жасады деген күдікке ілінді. Полиция оның үстінен қылмыстық іс қозғап, іздеу жариялаған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Kriminal kazakhstan жазуынша, Үндістанның Пенджаб штатындағы Патиала қаласында полиция Аязбаевқа қатысты істі 18 қыркүйекте тіркеген. Тергеу мәліметінше, оқиға 13 қыркүйекте Ұлттық спорт шеберлігі орталығындағы оқу-жаттығу жиыны кезінде болған. Үндістандық БАҚ мәліметінше, жәбірленуші – 16 жастағы велоспортшы.

Іс Үндістанның кәмелетке толмағандарды сексуалдық қылмыстардан қорғау туралы POCSO заңы бойынша қаралып жатыр.

Полиция іс қозғалған кезде Аязбаевтың Делиде оқу-жаттығу жиынында болғанын анықтаған. Оны ұстау үшін полиция арнайы топ жібергенімен, спортшы жаттықтырушыны таппаған.

Осыдан кейін оның елден шығып кетуіне жол бермеу үшін Look Out Circular шығарылған. Полиция Аязбаевты іздеу үшін арнайы топтар құрған және Делиде рейдтер жүргізген.

Үндістанның велоспорт федерациясы Аязбаевты уақытша шеттетіп, істі ішкі тексеруге берген. Сонымен қатар оның Үндістан құрамасымен бірге Жапонияда өтетін Азиадаға баруына байланысты рұқсаты жойылған.

Кәмелетке толмаған спортшы медициналық тексеруден өткен. Оған психологиялық және құқықтық көмек көрсетілген. Тергеу жалғасып жатыр.

Максат Аязбаев – Қазақстаннан шыққан кәсіби велошабандоз. Ол бұған дейін халықаралық жарыстарға қатысып, «Astana» командасының құрамында өнер көрсеткен. 2012 жылы Болгария турын жеңіп алған.