Әлеумет

"Каспийде аман қалған сарбаздардың ішінде туысымның баласы бар": профессор не болғанын айтты

Тарих ғылымдарының профессоры әрі кәсіби медиатор Дәметкен Сүлейменова Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Каспий теңізіне суға кеткен әскери қызметшілердің арасында оның туысы Айнар Асхатұлы Ахметов те болған., деп хабарлайды buginmedia.kz.

Профессордың сөзінше, Айнар Ахметов өз күшімен жағаға шыққан. Сондай-ақ ол қасындағы әскери қызметшіге көмектесуге тырысқан, алайда оны құтқара алмаған.

«Ол өз күшімен жағаға аман шыққан және қасындағы жолдасына көмектескен, бірақ оны алып шыға алмаған», – деп жазды Дәметкен Сүлейменова.

Профессордың мәліметінше, Айнар Ахметов Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының Тоғанас ауылынан. Оның айтуынша, сарбаздың әкесі II топтағы мүгедек, ал анасы ауырады әрі көпбалалы ана.

Сүлейменованың сөзінше, отбасы Айнармен толық байланысқа шыға алмай отыр. Ол сарбаздың қарындасымен қысқа уақыт сөйлескенін, кейін байланыс үзілгенін айтты.

«Тек кеше кіші қарындасымен 1-2 минут сөйлескен, сосын хабар үзілген. Айнар кеше сөйлескенде дірілдеп, дұрыс сөйлей алмай тұрған сияқты», – деп жазды профессор.

Дәметкен Сүлейменова әлеуметтік желіде оқиғадан кейін үш сарбаздың тірі қалғаны туралы ақпарат тарағанын айтып, Айнар Ахметовтің қазіргі мәртебесін анықтауды сұрады.

«Қазір желіде тірі қалғандар 3 солдат деп көрсетуде, біздің тумамыз сонда тізімде жоқ па, бұл қалай?» – деді ол.

Профессор Батыс Қазақстан облысы мен Сырым ауданының басшыларынан жағдайды жедел анықтап, отбасыға нақты ақпарат беруді сұрады. Сондай-ақ Астанадан барып, Айнарды көруге дайын екенін жеткізді.

«Мүмкін болса, тез хабар күтеміз. Мен Сырым ауданы басшыларымен хабарласа алмай отырмын», – деді Дәметкен Сүлейменова.

Кейін Дәметкен Сүлейменова Айнар Ахметовтің аман-сау екенін хабарлады. Оның айтуынша, туысы ата-анасымен байланысқан.

«Бүгін анық мәліметін алдық, бауырым аман-сау, ата-анасымен хабарласты. Менің ақпаратыма атсалысқандарыңызға зор алғысымды айтам», – деп жазды профессор.

Ол елдің тыныштығы мен балалардың амандығын тіледі.