Аймақ

Алматыда 4 балдық жер сілкінісі болды

Алматыда 28 қыркүйек күні сағат 09:38-де жер сілкінісі сезілді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қалада жер сілкінісінің күші 3-4 балл болған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Жер сілкінісі Алматы облысының бірқатар елді мекендерінде де сезілген. Қарасай ауданында 2-3 балл, Боралдай ауылында 2-3 балл, Өтеген батырда 2 балл тіркелген.

Таңертеңгі дүмпу туралы не белгілі?

Бұған дейін, сағат 06:32 шамасында, Алматы тұрғындары әлеуметтік желілерде жер сілкінісін сезгенін жазған.

Мәселен, Мадина Әбілда есімді Threads қолданушысы «Алматылықтар жер сілкінісінен шошып оянып жатырсыздар ма?» деп жазды. Тағы бір тұрғын «6:33 кезінде жер сілкінді. Алматы, амансыздар ма?» деген жазба жариялаған.

Алайда, сол кезде Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығы» Алматыда жер сілкінісі сезілмегенін хабарлаған.

Ресми ақпаратқа сәйкес, 28 қыркүйек сағат 06:32-де Қазақстан аумағында сейсмикалық оқиға тіркелген.

«Алматы қаласында жер сілкінісі сезілген жоқ. Алматының ТЖД-ның «112» және «101» нөмірлеріне жер сілкінісіне байланысты оқиғалар мен өтініштер туралы хабарламалар түскен жоқ», – делінген ресми ақпаратта.

Кейін Алматы ТЖД сағат 09:38-де болған жер сілкінісінің қалада 3-4 балдық деңгейде сезілгенін мәлімдеді.