Экономика

Айдархан Құсайынов: «Мысты қайта өңдеу саласына түсінікті әрі ұзақмерзімді ережелер қажет»

Экономист Айдархан Құсайынов мысты қайта өңдеу саласына түсінікті әрі ұзақмерзімді ережелер қажет деп есептейді. Бұл туралы әл әлеуметтік желідегі жазбасында мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Құсайыновтың айтуынша, Facebook-тегі жазылушылардің бірі Қазақстанда жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіретін екі жаңа мыс балқыту зауыты жоспарланғанын хабарлаған. Автор бұл бағытта белгілі бір даму бар екенін атап өтіп, мұндай жобалардың жүзеге асырылуын оң бағалайтынын жазды.

«Менің түсінуімше, қазір мәселе осы үшін кім төлеуі керек екеніне және қайта өңдеудің осы кезеңіндегі баға белгілеуге келіп тіреліп тұр», – деп жазды ол.

Қытайдағы қайта өңдеу бағасын Қазақстанға бағдар етуге бола ма?

Құсайыновтың жазуынша,желі қолданушысы Қытайда мыс концентратын қайта өңдеудің споттық құны кей жағдайда тоннасына 0 долларға дейін түсуі мүмкін екенін мәлімдеген. Алайда, автор бұл көрсеткішті Қазақстандағы баға белгілеуге бағдар етуге болмайды деп есептейді.

Ол бұған бірнеше себеп бар екенін айтады.

Біріншіден, мыс концентратын қайта өңдеу кезінде негізгі металдан бөлек көптеген ілеспе өнім алынады. Сондықтан, кей жағдайда негізгі металл бойынша «қайта өңдеуді тегін» деп көрсетуге болады, ал кәсіпорын ілеспе өнімдердің барлығын өзінде қалдырады.

«Қысқасы, бұл тегін емес, «металл маған, ал қалғаны сенікі» деген қағидаға ұқсайды», – дейді ол.

Екіншіден, сарапшы нарықтағы споттық бағаларға шамадан тыс сүйенуге күмәнмен қарайтынын айтты.

Оның пікірінше, Еуропа газ нарығында нарықтық баға белгілеуге тым қатты сүйенудің салдарын байқаған. Сонымен қатар, жел және күн энергетикасында электр энергиясының споттық бағалары теріс мәнге түскен жағдайлар болған. 2022 жылы мұнай бағасының да теріс мәнге дейін түскені белгілі.

«Осы нарықтық ойындардың барлығы инвестицияларды жоспарлауға кедергі келтіреді және нарықтағы ойыншыларды шатастырады. Сондықтан, жалпы бұл идея сәтсіз деп танылды. Қалай десек те, қысқа мерзімді ойлайтын және өндірістік қуаты артық компаниялар оны әлі де қолдайды. Бірақ, стратегиялық тұрғыдан алғанда, ол сәтсіз», – деп жазды Құсайынов.

Үшіншіден, қайта өңдеу құнын есептеген кезде тасымалдау шығындарын да ескеру қажет.

Автордың айтуынша, концентрат құрамындағы бір тонна металды тасымалдау құны дайын металды тасымалдаудан әлдеқайда жоғары.

«Егер концентратты қайта өңдеу тарифі туралы айтатын болсақ, мұны да ескеріп, тарифке қосу қажет», – деді ол.

Төртіншіден, өндірістік қуаттың белгілі бір кезеңде артық болуы компанияларға демпинг жасауға мүмкіндік беруі мүмкін.

Алайда, Құсайыновтың пікірінше, Қазақстан өзге елдердегі бәсекелестердің демпингтік стратегияларына емес, өзінің ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарына бағдарлануы керек.

Қазақстанда қалыпты қайта өңдеу циклі жоқ

Сарапшының пікірінше, отандық металлургия – экономиканың стратегиялық элементтерінің бірі.

«Біз сирек жер металдары, металдар және тағы басқа ресурстарымыз бар деп мақтанамыз. Бірақ, бізде қалыпты қайта өңдеу циклі жоқ. Бұл бізде жоқ нәрсемен мақтанамыз дегенді білдіреді. Егер сен одан қажетті нәрсені ала алмасаң, онда сенде ол жоқ. Сен тек басқаларға қызмет көрсетіп отырсың», – деп жазды ол.

Құсайынов бұл жағдайды мұнай саласымен, мұнай өңдеу және мұнай-химия кәсіпорындарымен салыстырды.

Ол неге мұнай өңдеу зауыттары мен газ өңдеу зауыттарына күдікпен, ал металлургия саласындағы жобаларға үмітпен қарайтынын түсіндірді.

Оның айтуынша, мұнай өңдеу және газ өңдеу зауыттары негізінен ішкі, реттелетін нарыққа бағытталған. Ал ішкі нарықтағы бағалар көрші елдердегі бағадан төмен және әлемдік бағалардан айтарлықтай алшақ.

«Іс жүзінде біздің мұнай өндірушілер ішкі нарықтағы бағаларды субсидиялап отыр. Қазірдің өзінде ішкі нарыққа тек біздің компаниялар және Үкімет көндіре алған компаниялар ғана өнім жеткізеді», – деп жазды автор.

Оның пікірінше, мұндай жағдайда тағы бір мұнай өңдеу немесе газ өңдеу зауытын салу мұнай өндірушілер тарапынан берілетін субсидия көлемін арттыруға әкеледі.

«Қазірдің өзінде субсидия беріп отырғандар бұдан әрі көлемді ұлғайта алмайды. Ал жаңа жобалар – ТШО, Қашаған, Қарашығанақ оларға қысым жасалып, көндіруге тырысқан жағдайда да, өз мүдделерін қорғауға мәжбүр. Мұнда алдымен ішкі нарықты айтарлықтай қайта құру қажет», – деді ол.

Металдарға қатысты жағдай басқаша

Құсайыновтың айтуынша, металл нарығында жағдай басқаша.

«Концентрат та, металл да экспортқа, әлемдік нарыққа әлемдік бағамен сатылады», – деп жазды ол.

Оның пікірінше, бұл жағдайда мемлекет нарықтағы белгілі бір мәселелерді реттеу арқылы шеше алады. Олардың қатарында споттық бағалар мен шетелдік қайта өңдеушілердің демпингі бар.

Автордың айтуынша, мұндай жағдайда қайта өңдеуге қалыпты тариф енгізу қажет.

«Мұнда билік нарықтағы сәткіздікті – споттық бағаларды, шетелдік қайта өңдеушілердің демпингін реттеу арқылы жоя алады және жоюы керек. Ол үшін қалыпты тариф енгізу қажет», – деп жазды ол.

Жобаларды кім қаржыландыруы керек?

Құсайыновтың пікірінше, мыс балқыту және қайта өңдеу жобаларын мемлекет емес, жеке бизнес қаржыландыруы керек.

Оның айтуынша, бұл іске бірнеше тарап қатыса алады. Мысалы, кен өндіруші компаниялар өндірісті жоғары қайта өңдеу деңгейіне дейін жеткізуі мүмкін. Металл тұтынушылар да шикізат өндіру саласына кіре алады. Сонымен қатар металлургиялық компаниялардың өзі жаңа жобаларға инвестиция салуы ықтимал.

«Қысқаша айтқанда, бұл тарихты жеке бизнес қаржыландыруы керек. Мүмкін, кен өндірушілер жоғары қайта өңдеу деңгейіне өтеді, мүмкін, металл тұтынушылар upstream-ке, яғни өндірістің бастапқы кезеңіне бір саты төмен түседі немесе металлургтердің өзі кіреді», – деп жазды сарапшы.

Алайда, ол бұл жерде мемлекеттің негізгі міндеті қайта өңдеуге қолайлы тариф белгілеу екенін айтады.

«Маңыздысы – қайта өңдеуге қолайлы тариф беру. Мемлекеттік реттеудің мәні де осында», – деді Құсайынов.

Либерализацияның өзі де мемлекеттік реттеу

Сарапшының айтуынша, нарықты либерализациялау, споттық бағаларға көшу және басқа да осындай тетіктердің өзі мемлекеттік реттеудің бір түрі болып саналады.

«Либерализация, споттық бағаларға көшу және тағы басқалары – бұл да мемлекеттік реттеу. Егер ол теріс салдарға әкелсе, онда реттеуді өзгертіп, дұрыс ережелер мен қайта өңдеу тарифтерін белгілеу керек», – деп жазды ол.

Құсайынов Қазақстан энергетика саласында тарифтерді төмендету немесе ұстап тұру саясатын жеткілікті деңгейде сынап көргенін айтып, осыдан сабақ алу қажет екенін жеткізді.

«Ел энергетика саласында тарифтерді төмендету немесе ұстап тұру саясатын сынап көрді және қазір оның салдарын өте қымбат төлеп жатыр. Бұдан сабақ алу керек», – деп қорытындылады ол.