Аймақ

Алматыда жер сілкінді

28 қыркүйек күні таңертең Алматы тұрғындарына жер сілкінісі туралы ескерту хабарламасы келді. Әлеуметтік желі қолданушылары да таңғы сағат 06:33 шамасында жер сілкінгенін жазып жатыр. Алайда төтенше жағдайлар қызметі қалада жер сілкінісі сезілмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Алматы тұрғындарының телефондарына жер сілкінісі туралы хабарлама жіберілген.

Хабарламада ғимарат зақымданған немесе өрт шыққан жағдайда Төтенше жағдайлар департаментінің жедел желісіне хабарласу қажеттігі ескертілген.

«Назар аударыңыз! Жер сілкінісі болды. Ғимараттың зақымдануы немесе өртене бастауы анықталған жағдайда төтенше жағдайлар департаментінің жедел желісіне телефон арқылы хабарлауыңызды сұраймыз. Егер сіз ғимаратта қалып қойған болсаңыз, сабырлық сақтаңыз, сенім телефоны арқылы орналасқан жеріңіз туралы хабарлаңыз! Қосымша ақпарат ТЖД мен Алматы қаласы әкімдігінің сайттары мен әлеуметтік желілерінде», – делінген хабарламада.

Тұрғындар не дейді?

Алматы тұрғындары әлеуметтік желілерде таңертең жер сілкінгенін жазып, бір-бірінің жағдайын сұрап жатыр.

Мәселен, Threads желісінің қолданушысы Мадина Әбілда «Алматылықтар, жер сілкінісінен шошып оянып жатырсыздар ма?» деп жазған.

Дүмпуді Ақсай-4, Ақсай-5, Жоғарғы Каменка және Достық шағынаудандарының тұрғындары сезгенін әлеуметтік желіде жазды. Желі қолданушыларының бірі алдымен қатты гуіл естіп, артынша қысқа уақытқа дүмпу болғанын айтқан.

«Алматы! Жер сілкінгені маған ғана сезілді ме? Еш жерде бұл туралы жаңалық жоқ. Бірақ алдымен гуілді анық естідім, артынша қысқа ғана дүмпу болды да, біртіндеп басылды», – деп жазды ол.

Алайда, қала тұрғындарының барлығы бірдей дүмпуді сезбеген. Мәселен, Бостандық ауданы мен Таугүл шағынауданының тұрғындары таңертең ешқандай ерекше жағдай байқамағанын хабарлаған.

Төтенше жағдайлар қызметі не дейді?

Бұған дейін Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті қалада жер сілкінісі сезілгенін жоққа шығарған болатын.

Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығының» мәліметінше, 28 қыркүйек күні сағат 06:32-де Қазақстан аумағында сейсмикалық оқиға тіркелген. Алайда Алматы қаласында жер сілкінісі сезілмеген.

«Алматы қаласында жер сілкінісі сезілген жоқ. Алматының ТЖД-ның "112" және "101" нөмірлеріне жер сілкінісіне байланысты оқиғалар мен өтініштер туралы хабарламалар түскен жоқ», – делінген ресми хабарламада.