Каспийдегі трагедиядан кейін Тоқаев Қорғаныс министрін қызметінен босатты
Дәурен Жұматайұлы Қосанов лауазымынан босатылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Дәурен Жұматайұлы Қосанов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымынан босатылды", - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Дәурен Қосанов 3 қыркүйекте Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалған болатын.
Бұған дейін Президент Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды тексеретін комиссия құрған еді.
Каспийдегі қайғылы оқиға
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан әскери қызметшілердің бір тобы теңізге батып кеткен.
Нақтылаған мәлімет бойынша, суға 17 адам түскен. Оның 12-сі қаза тапты, үшеуі құтқарылды, тағы екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қайғылы оқиғадан кейін тергеу басталды. Іс ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу баптары бойынша тергеліп жатыр.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылды.
Кейінірек Маңғыстауда қаза тапқан 12 әскери қызметшінің аты-жөні жарияланды.