Каспийдегі трагедия: Әскери-теңіз күштері штабының бастығы мен төрт командир ұсталды
«Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты Қарулы күштердің бес лауазымды тұлғасы ұсталды. Олардың қатарында Әскери-теңіз күштері штабының бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскері ротасының және катер командирлері бар, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Кімдер ұсталды?
Ұсталғандарға қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу салдарынан ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік келтіріліп отыр.
Ұсталғандар:
Әскери-теңіз күштері штабының бастығы, бас қолбасшының бірінші орынбасары;
екі әскери бөлімнің командирі;
теңіз жаяу әскері ротасының командирі;
катер командирі.
Бес күдіктінің барлығы Ақтау қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу бөлімшесі жүргізіп жатыр.
«Қайсар» катерінен түсу кезінде не болды?
Тергеу мәліметінше, 24 қыркүйекте Ақтаудан 43 шақырым жерде орналасқан Каспий теңізінің жағалауында оқу-жаттығу өткен. Қолайсыз ауа райы жағдайында «Қайсар» катерінен жеке құрамды түсіру кезінде бірнеше әскери қызметшіні теңіз алып кеткен.
Тергеу барысында оқу-жауынгерлік тапсырманы ұйымдастыру және орындау кезінде шешімдердің қалай қабылданғаны, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және гидрометеорологиялық жағдайдың ескерілгені тексеріліп жатыр.
Сонымен қатар катердің техникалық жағдайы, оқу-жаттығуды өткізуге және жеке құрамның қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттері зерттелуде.
Қажетті тергеу және процестік іс-шаралар жалғасып жатыр. Барлық күдіктінің әрекетіне заңда белгіленген тәртіппен құқықтық баға беріледі.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның ерекше бақылауында.