Әлеумет

Фельдшер Ұлдана Мырзуанның өлімі: прокурор МИБ төрайымының бас бостандығын екі жылға шектеуді сұрады

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты сотта мемлекеттік айыптаушы Саяжан Серікова МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын сұрады. Сондай-ақ оны үш жыл бойы кондоминиумдарды басқару қызметімен айналысу құқығынан айыруды ұсынды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Прокурордың айтуынша, оқиға 2025 жылғы 8 қарашада болған. Тұрғын үйдің қасбеті опырылып, зардап шеккендерге көмек көрсетуге барған фельдшерлердің үстіне қайта құлаған.

«Сол сәтте қасбет қайтадан опырылды. 23 жастағы Мырзуан ауыр ашық бас-ми жарақатын алып, кейін қайтыс болды», – деді прокурор.

Серікова Ұлдананың кондиционерден емес, қасбет қаптамасының бөлшектері соғылып қаза болғанын атап өтті.

Прокурор МИБ төрайымы қасбетті тексеруді ұйымдастырмағанын және қауіпті учаскелерді анықтамағанын айтты.

«МИБ төрайымы мүлікті басқаруды оның қауіпсіз сақталуы мен пайдаланылуын қамтамасыз ететіндей етіп ұйымдастыруға міндетті», – деді мемлекеттік айыптаушы.

Айыптау тарапы Жұбаниязованың әрекетін қасақана емес, абайсызда жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп бағалады.

«Сәуле Жұбаниязованы ҚР ҚК-нің 254-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп тануды және оған екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды, сондай-ақ үш жыл бойы кез келген кондоминиум нысанын басқаруға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыруды сұраймын», – деді Саяжан Серікова.

Құрылыс компаниясына қатысты іс тоқтатылған. Прокурордың түсіндіруінше, үй салынған кезде адам өліміне әкеп соққан сапасыз құрылыс үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған. Құрылыс салушы 2022 жылы қайтыс болған, ал үйдің жобалық құжаттары табылмаған.

Бұған дейін сарапшы Вероника Лобаева үй жобасы бес қабатқа есептелгенімен, ғимарат тоғыз қабатты болып салынғанын айтқан. Сондай-ақ құрылыс кезінде армобелдеулер жасалмағанын, сапасы төмен ерітінді мен сынған кірпіштер пайдаланылғанын мәлімдеген.

Жәбірленушілер Жұбаниязовадан 45 миллион теңгеден астам өтемақы талап етті. Сотталушы талаптарды мойындамады.

Сот процесі 18 тамызда басталған. Жұбаниязова өз кінәсін мойындамайтынын айтып, жұмысқа келген кезде тұрғындар мен МИБ-тің бұрынғы басшылығынан үйге қатысты шағым болмағанын мәлімдеді.