Әлеумет

"Қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы да мүмкін": Президент құрылыс және жол сапасын сынға алды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамыту аясында салынып жатқан нысандардың сапасына ерекше назар аудару қажет екенін айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Мемлекет басшысының сөзінше, соңғы жылдары елдің барлық аймағында тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен жолдар көптеп салынып жатыр.

«Қазақстан тұтастай үлкен құрылыс алаңына айналып келеді. Ең бастысы, барлық құрылысты сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру өте маңызды. Кейде жаңадан салынған кейбір нысандардың сапасы сын көтермейді, тіпті, қоғам талқысына түсіп жатады.Осындай салғырт жасалған жұмыстың кесірі қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы да мүмкін», – деді Президент.

Президент жол саласындағы жағдайға да тоқталды. Мысал ретінде «Талдықорған – Өскемен» автожолын атап, жолдың пайдалануға берілгеніне көп уақыт өтпей жатып тоза бастағанын айтты.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы жол сапасын бағалау жүйесін қайта қарауды тапсырды. Оның айтуынша, құрылыс жұмыстарының барлық кезеңін қатаң бақылау қажет.

Сондай-ақ Тоқаев «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» қызметін күшейтіп, салаға түбегейлі реформа жүргізу және қоғамдық бақылауды арттыру қажет екенін айтты.