Құрылтай депутаттары Халық кеңесінің жұмысына араласа алмайды - Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында жаңа институттың Құрылтайға балама емес екенін айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында жаңа институттың Құрылтайға балама емес екенін айтты.
«Халық Кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емес. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды. Депутаттардың қызметіне араласпайды. Заң бойынша осындай әрекеттерге құқы жоқ», – деді Президент.
Оның айтуынша, Құрылтай депутаттары да Халық Кеңесінің жұмысына араласа алмайды. Екі институттың негізгі мақсаты – бір-бірін толықтырып, өзара үйлесімді жұмыс істеу.
«Сондықтан Халық Кеңесі мен Құрылтайдың комитеттері тығыз байланыста болып, үйлесімді түрде жұмыс істеуі қажет», – деді Тоқаев.
Президент заң жобаларын әзірлеу кезінде қоғамның пікірін, талап-тілегін ескеру маңызды екенін атап өтті.
«Құрылтай мен Халық Кеңесі әрқашанда бірге болса, осындай мүмкіндік міндетті түрде пайда болады», – деді ол.
Тоқаевтың сөзінше, Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің, аймақтық мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірген.
«Осылайша мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстың жаңа, ауқымды әрі біртұтас жүйесі қалыптасып отыр», – деді Мемлекет басшысы.