Меркіде жол апатынан 4 адам қаза тапты: көліктердің бірін Азия чемпионы жүргізген
Жамбыл облысының Меркі ауданында жол апатынан 4 адам көз жұмды. Қайғылы жағдай Қостоғай ауылына кіреберісте болған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Halyqstan Телеграм арнасының жазуынша, «TANK 500» автокөлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, «ВАЗ-2107» көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан «ВАЗ» жүргізушісі және жол талғамайтын көлікте болған үш жолаушы қаза тапқан.
Куәгерлердің айтуынша, 27 жастағы ер адам анасын алып кету үшін жолға шыққан. Ауыл тұрғындары «TANK 500» көлігін спортшы, көпбалалы ана, бұрын полицияда қызмет еткен Сая Әуелбекова басқарғанын жазған. Кей ақпаратта оның жекпе-жектен Азия чемпионы болғаны да айтылады.
Алайда бұл мәліметтерді Жамбыл облысының Полиция департаменті ресми түрде растаған жоқ.
Полицияның хабарлауынша, жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан «ВАЗ» автокөлігінің жүргізушісі және жол талғамайтын көліктің үш жолаушысы қаза тапты. «TANK 500» автокөлігінің жүргізушісі аудандық ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Аталған әйел ішкі істер органдарының қызметкері емес. Қылмыстық іс Жамбыл облысы Полиция департаментінің өндірісіне берілді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында», – делінген ПД хабарламасында.
Тергеу қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Ашық дерекккөздергі мәлімет бойынша, Сая Әуелбекова — Қостанай облысы полиция департаментінің бұрынғы қызметкері, спортшы. 2021 жылы ол полиция капитаны әрі СОБР инспекторы болған. Еркін күрестен спорт шебері, самбодан спорт шеберлігіне кандидат. Сол жылы ашық Азия чемпионатында 57 келі салмақта жеңімпаз атанған.