Танымал екі журналист жаңа қызметке тағайындалды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 22 қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, Кеңес құрамына 126 адам енді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Тізімде журналист, қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіп 37-орында тұр. Ресми құжатта ол «Қазақстанның Медиа Альянсы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі ретінде көрсетілген.
Нұртөре Жүсіп қазақ журналистикасында ұзақ жыл еңбек еткен. Бұған дейін ол Қазақстан Халық Кеңесі туралы заң жобасын талқылауға қатысып, жаңа институт халықтың мүддесін ашық әрі жүйелі түрде білдіретін алаң болуы керек екенін айтқан.
Кеңес құрамына журналист, қоғам қайраткері Ермұрат Бапи де кірді. Ол тізімде 17-орында көрсетілген.
Жалпы, Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ білім, ғылым, медицина, мәдениет, спорт және бизнес саласының өкілдері енді.
Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енді.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қазақстан халық кеңесін жасақтаған еді.