Жаңалықтар

Ақырзаманның жақындағанының белгілері қандай?

Ақырзаман болмастан бұрын белгілері пайда болады, деп хабарлайды buginmedia.kz kazislam.kz-ке сілтеме жасап.

Сұрақ: Ақырзаман болмастан бұрын қандай да бір белгілері байқала ма?

Жауап: Байқалады. 1) Ақырзаман болмастан бұрын жер жүзінде «Бәни аспар» атты сары түсті бір қауым көбейіп, бүтін жер жүзіне таралады. Көптеген мемлекеттерді өз қарамағына алып, көптеген жерлерге үкімдерін жүргізеді. Ол кезде мұсылман елі өте әлсірейді. Көптеген мұсылман мемлекеттері бәни аспардың қол астында болады.

2) Біршама уақыттан кейін бәни аспар тайпасы азайып, күшін жоғалтады. Соңында олар да бір басқа қауымның қарамағына өтеді. Сол кезде мұсылмандар өте қуатты елге айналады.

3) Адам баласының амал және ғибадатқа құлшынысы азаяды, ішкілік, зина жасау сияқты күнә істер өте көп болады.

4) Халық арасында бір-біріне жәбір және зұлымдық жасау көбейеді.

5) Жер бетінде зілзала және жер шөгу, қалаларды су басу, зиянды желдер және осыларға ұқсас пәлекеттер мен апаттар көп болады.

6) Жер жүзінде обаға ұқсас әртүрлі дерттер және аурулар көп тарайды.

7) Туыла сала шетінеу оқиғалары көбейеді.

8) Дүниеде еркектерден әйелдердің саны артығырақ болады.

9) Кейбір жылдарда ішіп-жейтін тағам соншалықты көбейіп, өте-мөте тоқшылық болса, ал кейбір жылдарда жаппай ашаршылық орын алады.

10) Шығыс тараптан Йажүж және Мәжүж атты қауым шығып, жер жүзіне таралады. Батыс тараптың халықтарын да жеңіп, оларға зұлымдық жасайды.

11) Одан кейін жалғаншы кісі шығып, адамдарды өзіне қаратып алады. Өзіне бағындырған кісілерді жолдан тайдырып, имансыздықты және пасықтықты үйретеді. Бұл кісіні Тажал дейді.

12) Тажал халықты тура жолдан азғырып жүрген уақытта Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйікті қызы Фатима нәсілінен Мұхаммед атты бір салиқалы кісі шығады. Халықты уағыз және насихатпен пасықтықтан және имансыздықтан тыяды. Жақсылық және әділдікке шақырады және әскер жинап, Тажалдың қауымына қарсы соғыс жариялайды. Бұл кісіні Мәди деп атайды.

13) Осы кезде көктен Иса (ғ.с.) жерге түсіп, Мәди жағына жәрдем береді. Осы шайқаста Тажал өлтіріледі және әскерлерінің де көбі өледі. Қалғандары жиналып, Иса (ғ.с.) мен Мәдидің қоластына өтеді.

14) Сол уақытта Иса (ғ.с.) мен Мәди әділеттілікпен билік жүргізгендіктен, халық бірнеше жыл бейбітшілікте өмір сүреді. Ол кезде жер жүзі өте саламатты күйде болады және жақсы амалдарды жасаушы адамдар көбейіп, ал жаман істерді жасаушы адамдар азаяды.

15) Сол кездерде қазына мен малда берекет және молшылық болып, әрбір кісі бай болады. Тіпті адамдардың жағдайы жақсаратыны соншалық, жер жүзінде зекет және садақа алатын кедей кісі табылмай қалады.

16) Осылайша әділет және бейбітшілік заманы аяқталып, одан кейін халық қайтадан тура жолдан шығып, күнә істерді жасап, кәпір болуға бет алып, имансыз және күнәһар кісілер көбейеді.

17) Сол уақытта батыс тараптан бір суық жел тұрып, мүмін және мұсылман кісілердің бәрі қайтыс болады. Жер бетінде тек күнәһар, имансыз, пасық кісілер қалады және олар ойына келген күнә істерді жасаумен айналысады.
Ахмад Һади Мақсудидің “Ислам ғибадаты” кітабынан