Әлеумет

Маңғыстауда дәрет сындырған шетелдік блогердің видеосы қызу талқыға түсті

Канадалық видеограф Олеся Плюснина Маңғыстау даласында түсірген видеосын әлеуметтік желіге жариялап, көпшіліктің талқысына түсті, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Видеода турист далада дәрет сындырған. Жазбаға қатысты желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі туристің бұл әрекетін әдепсіздік деп сынаса, енді бірі Маңғыстаудағы туристік орындарда дәретханалар аз екенін айтып, туристі жақтады.

Блогер Азамат Сарсенбаев та видеоға қатысты пікір білдіріп, мұндай контентке наразылығын жеткізді.

Ал туристі қолдағандар Маңғыстаудағы көптеген табиғи нысан елді мекендерден алыс орналасқанын айтады. Сондықтан, туристерге ең қажетті жағдайлар жасалуы керек деген пікір айтылды.

Осылайша, бір видео Маңғыстаудағы туризмге қатысты екі мәселені қатар көтерді. Біріншісі – туристердің табиғаттағы тәртібі болса, екіншісі – өңірдегі туристік инфрақұрылымның жеткіліксіздігі.

Желі қолданушылары әсіресе танымал туристік бағыттарда дәретхана, қоқыс жәшігі және демалатын орындар жеткіліксіз екенін жазды. Яғни, туристер саны артып келе жатқанымен, кейбір табиғи нысандарда қарапайым жағдайдың өзі жасалмағаны айтылды.

Видеода ол далада дәрет сындырып, орынға «100/10 pee spot» деген баға берген. Видео жарияланған кезде блогердің Instagram парақшасына шамамен 38,3 мың адам жазылған.

Видео таралғаннан кейін блогердің Instagram аккаунты қолжетімсіз болып қалды.