АҚШ 25 мыңнан астам адамды үшінші елдерге жасырын депортациялаған – БАҚ
Дональд Трамп әкімшілігі тұсында АҚШ 25 мыңнан астам мигрантты өздерімен ешқандай байланысы жоқ елдерге депортациялаған. Халықаралық журналистік зерттеу дерегінше, мұндай бағдарламаға шамамен 410 миллион доллар бөлінген, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ақпаратты 24 БАҚ журналистері қатысқан Deportation Project жобасы жариялады.
Шамамен 20 мың адам автобуспен Мексикаға жеткізілген. Қалғандары ұшақпен Латын Америкасы, Кариб бассейні, Африка, Орталық Азия және Тынық мұхиты аймағындағы 27 елге жіберілген.
Зерттеу авторлары мұндай депортациялардың нақты саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтады.
Жер аударылғандардың арасында Қырғызстан азаматтары болған
Журналистердің мәліметінше, үшінші елдерге АҚШ соттары отанына қайтаруға тыйым салған адамдар да жіберілген. Бұған олардың қудалауға ұшырау немесе басқа да елеулі қауіптерге тап болу ықтималдығы себеп болған.
Зерттеуде Иран, Ауғанстан, Ирак, Қырғызстан, Сьерра-Леоне және Гана азаматтарының Африка елдеріне депортацияланғаны туралы айтылады.
Кемінде 38 елмен келісім жасалған
Зерттеу мәліметіне сәйкес, АҚШ депортацияланған мигранттарды қабылдау жөнінде кемінде 38 мемлекетпен келісімге келген. Олардың үштен біріне жуығы Африка елдері.
Келіссөздер жүргізу және төлемдермен АҚШ Мемлекеттік департаменті жанынан 2025 жылы құрылған Ремиграция мәселелері жөніндегі бюро айналысады.
Журналистердің айтуынша, Вашингтон кейбір Африка елдерін депортацияланған мигранттарды қабылдауға көндіру үшін визалық шектеулерді қысым көрсету тәсілдерінің бірі ретінде пайдаланған.
Бағдарламаға БҰҰ құрылымы да қатысады
Бағдарламаға Халықаралық көші-қон ұйымы (IOM) да қосылған.
Зерттеу дерегінше, ұйым қызметкерлері 13 елде депортацияланған адамдарға баспана, тамақ және психологиялық қолдау көрсетеді.
Сонымен қатар, ұйымның ішкі құжаттарында Халықаралық көші-қон ұйымының АҚШ-тың мигранттарды үшінші елдерге жіберу саясатына қатысушы ретінде қабылдану қаупі болғаны айтылған.
Ұйымның өзі көмек депортацияланғандардың жағдайын жақсартуға ықпал ететін жағдайда ғана бағдарламаға қатысатынын мәлімдеген.