Әлеумет

Маңғыстау облысында ысталған балық жеген соң төрт адам жансақтау бөліміне түсті

Маңғыстау облысында үш ересек адам мен 9 жастағы бала ботулизм белгілерімен ауруханаға жеткізілді. Төртеуінің де жағдайы ауыр, олар өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Алдын ала болжам бойынша, олардың улануына үй жағдайында дайындалған салқын ысталған балық себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Lada.kz жазды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Марал Қадырдың айтуынша, Мұнайлы ауданының үш тұрғыны облыстық көпбейінді ауруханаға жатқызылған. Ал 9 жас 10 айлық бала облыстық балалар көпбейінді ауруханасының инфекциялық бөліміне түскен.

Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер 17 қыркүйекте отбасылық басқосуда үйде дайындалған салқын ысталған балық жеген. Өнім бұған дейін тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталған. Олар балықты шамамен сағат 20:00-ден 21:00-ге дейін тұтынған.

Уланудың алғашқы белгілері келесі күні, 18 қыркүйек кешке байқалған. Ал 19 қыркүйекте науқастар медициналық көмекке жүгінген.

Марал Қадырдың айтуынша, бастапқыда зардап шеккендердің жүрегі айнып, бірнеше рет құсқан. Ауруханаға жеткізілгеннен кейін олардың жағдайы ауыр деп бағаланған.

“Негізгі белгілердің қатарында әлсіздік, бас айналу, жұтыну мен көрудің қиындауы, тамақтың жыбырлауы мен құрғауы, көздің бұлдырауы және заттың қосарланып көрінуі, сондай-ақ сананың бұзылуы байқалды”, – деді Марал Қадыр.

Қазір төрт науқас та ауыр жағдайда жатыр. Олар өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер детоксикациялық және симптоматикалық ем жүргізіп, ботулизмге қарсы арнайы сарысу енгізген.

Осы жағдайдан кейін дәрігерлер тұрғындарға үй жағдайында дайындалатын және тез бұзылатын тағамдарды сақтау кезінде ерекше сақ болуды ескертті. Азық-түліктің жарамдылық мерзіміне мән беріп, санитарлық талаптар сақталмаған сауда орындарынан өнім сатып алмауға кеңес берді.

Сондай-ақ уланудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда өз бетінше емделмей, мүмкіндігінше тез медициналық көмекке жүгіну қажет.