Жаңалықтар

Қазақстандық банкоматтан 600 мың теңгені алып кеткен: соңы немен аяқталғаны белгілі болды

Оралда ер адам банкоматта қалып қойған 600 мың теңгеден астам ақшаны алып кеткен. Күдікті ұсталды, деп хабарлайды buginmedia.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

Оқиға Оралдағы сауда үйлерінің бірінде болған. Әйел адам банкоматқа 600 мың теңгеден астам ақша салған. Алайда техникалық ақауға байланысты қаражат картаға түспей, купюра қабылдайтын ұяшықта қалып қойған.

"Әйел ақша шотына түсті деп ойлап, банкоматтан кеткен. Кейін келген ер адам ұяшықта тұрған ақшаны алып кеткен", - делінген хабарламада.

Полиция күдіктіні жедел анықтап, Орал қаласының 45 жастағы тұрғынын ұстады. Ақша иесіне қайтарылды.

Қазір қылмыстық іс жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, істің өзге мәліметтері жарияланбайды.

Полиция азаматтарға банкомат арқылы ақша салғаннан кейін қаражаттың шотқа түскенін және операцияның толық аяқталғанын тексеруге кеңес берді.