Жаңалықтар

Қай өңірлерде күн жылы болады: қазан айына ауа райы болжамы

Қазанда Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы климаттық нормадан жылырақ болады деп болжануда. Айлық орташа температура кей өңірлерде қалыпты көрсеткіштен 1–2 градусқа жоғары болуы мүмкін. Ал жауын-шашын мөлшері аймақтарға қарай әртүрлі деңгейде түседі деп күтіледі, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Қай өңірлерде күн жылы болады

Қазгидрометтің консультативтік болжамына сәйкес, қазан айында Қазақстанның басым бөлігінде орташа ауа температурасы +3…+10 градус аралығында болады. Оңтүстік өңірлерде бұл көрсеткіш +11…+16 градусқа дейін жетеді.

Еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1–2 градусқа жоғары болады деп күтіледі. Тек Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында, сондай-ақ Павлодар облысының солтүстік-шығысында температура қазан айына тән қалыпты деңгейде сақталады.

Қай өңірлерде жауын-шашын көп түседі

Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болады.

Батыс Қазақстан облысының көп бөлігінде, Атырау мен Маңғыстау облыстарының батысында, Ақтөбе облысының солтүстігінде және Қостанай облысының солтүстік-батысында жауын-шашын әдеттегіден көбірек түседі деп болжанып отыр.

Ал Жамбыл, Жетісу, Ұлытау, Абай және Алматы облыстарында, Қызылорда облысының оңтүстік-шығысында, Қарағанды облысының оңтүстігінде және Түркістан облысының солтүстігінде жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан төмен болады.