Жаңалықтар

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға зейнетақы жарнасын бюджеттен төлеу ұсынылды

Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрайымы, экономист Елена Бахмутова Қазақстандағы зейнетақы жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының ұсыныстарын айтты. Оның сөзінше, ұсыныстарды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарастырып жатыр, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Елена Бахмутова БЖЗҚ-ның YouTube арнасындағы сұхбатында зейнетақы жүйесінің үш құрамын қатар жетілдіру қажет екенін айтты.

«Біздің ұсынысымызда бірден үш компонентті жетілдіру қажет деген ұстанымға сүйендік: базалық, жинақтаушы және шартты-жинақтаушы компонент. Соңғысы қазір ғана енгізіліп жатыр, әлі толық қалыптасқан жоқ. Бұл – жұмыс берушінің 5 пайыздық жарнасы», – деді ол.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жүйеден тыс қалып отыр

Бахмутованың айтуынша, шартты-жинақтаушы жүйенің негізгі мәселелерінің бірі – жұмыс берушісі жоқ азаматтардың одан тыс қалуы.

«Бұл енді азаматтардың меншігі емес, қайта бөлу жүйесі. Екіншіден, одан жұмыс берушісі жоқ адамдар – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жеке кәсіпкерлер және тағы басқалар тыс қалады», – деді экономист.

Осыған байланысты жұмыс тобы БЖЗҚ-ға жарнаны уақытылы төлейтін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды ынталандыруды ұсынған.

Яғни олардың шартты-жинақтаушы компоненті бюджет есебінен өтелуі мүмкін.

10 пайыз жарна төлеу ұсынылады

Бахмутованың түсіндіруінше, мұндай қолдауға ие болу үшін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен платформалық жұмыспен қамтудағы азаматтар міндетті жарналарын тұрақты төлеуі керек.

«Өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам немесе платформалық жұмыспен қамтудағы қызметкер міндетті жарнаны – нақты табысының 10 пайызын тұрақты төлеуі керек», – деді ол.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда азаматтарды ынталандыруды мемлекет өз мойнына алуы мүмкін.

Бюджеттен 5 пайыздық жарна төленуі мүмкін

Ұсыныс бойынша мемлекет азаматтың шартты-жинақтаушы компонентіне 5 пайыздық жарна енгізеді.

Оның 4 пайызы азаматтың зейнетақы шотына түссе, қалған 1 пайызы аннуитизацияға бағытталады. Яғни жинағы таусылған азаматқа өмір бойы төленетін зейнетақы төлемін қамтамасыз етуге жұмсалады.

Елена Бахмутова бұл ұсынысты іске асыру кезінде бюджет шығынын айтарлықтай арттырмау көзделгенін айтты.

«Біздің топтағылардың бәрі қаржыгерлер. Бюджет шығыны көбеймейтіндей етіп өте мұқият есептедік», – деді ол.

Бюджеттегі 3 пайызды зейнетақы жүйесіне сақтау ұсынылады

Экономистің айтуынша, бүгінде базалық және ынтымақты зейнетақыға жалпы ішкі өнімнің шамамен 3 пайызы жұмсалады.

«Егер ештеңе жасамасақ, бұл шығындар азая береді. Бірақ бұл жағдайда жүйе тұрақсыз болады», – деді Бахмутова.

Оның пайымдауынша, бюджеттегі осы 3 пайыздық деңгейді сақтау қажет.

Бұл қаражаттың бір бөлігін базалық зейнетақыны ең төменгі жалақы деңгейімен салыстырмалы етуге, ал тағы бір бөлігін жұмыс берушісі жоқ, бірақ зейнетақысына өзі тұрақты жарна төлейтін азаматтарды ынталандыруға бағыттау ұсынылып отыр.