Құрылтайдағы ең жас депутаттың жасы 27-де
Жаңа Құрылтайдың құрамында 35 жасқа дейінгі 23 депутат бар. Бұл – 145 депутаттың шамамен 16 пайызы. Factcheck.kz талдауында осындай дерек келтірілген. Бұл жерде сайлауға дейінгі және сайлаудан кейінгі екі көрсеткішті ажырату маңызды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, партиялардың тізімдерінде 35 жасқа дейінгі 74 кандидат болған. Барлығы 545 кандидаттың 74-і жастар санатына кірген.
Алайда, сол 74 адамның тек бір бөлігі ғана депутаттық мандат алды. Себебі Құрылтайға 145 мандат бөлінді және олар партиялардың сайлауда алған дауысына қарай тізім бойынша берілді.
Құрылтай жасарды ма?
Factcheck.kz мәліметінше, жаңа Құрылтай депутаттарының орташа жасы шамамен 47 жас. Бұған дейінгі Парламентте бұл көрсеткіш шамамен 52 жас болған. Сонымен бірге, бұрынғы Парламентте 50 жастан асқандардың үлесі 61,5 пайыз болса, жаңа Құрылтайда бұл көрсеткіш шамамен 38 пайызға түскен.
Бұл – Құрылтай құрамының бұрынғы Парламентке қарағанда жасарғанын көрсететін маңызды белгі. Бірақ, жасаруды тек 35 жасқа дейінгі депутаттардың санымен өлшеу дұрыс емес. Негізгі өзгеріс – орта жастағы депутаттардың үлесінің артуы және 50 жастан асқан депутаттардың үлесінің азаюы.
Яғни, жаңа Құрылтай бір жағынан жастарды көбірек қамтыса, екінші жағынан негізгі бөлігі тәжірибелі әрі орта жастағы депутаттардан жасақталған.
Ең жас депутат – 27 жаста
Құрылтайдағы ең жас депутат – 27 жастағы Русана Сулаймонова. Ол бұған дейін Павлодар қалалық мәслихатының VIII шақырылымында депутат болған.
Құрылтай сайтының мәліметінше, ол еңбек жолын 2019 жылы «Жасыл Ел» студенттік құрылыс және жастар отрядтарының Павлодар штабы» қоғамдық бірлестігінде жастармен жұмыс жөніндегі бас маман болып бастаған. Кейін өңірлік менеджер, Павлодар қалалық және облыстық штаб командирі, «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының комиссары қызметтерін атқарған.
2022 жылғы сәуірден бері аталған ұйымның директоры. VIII сайланған Павлодар қалалық мәслихатының «AMANAT» партиясынан депутаты болған. Русана Сулаймонованың ерекшелігі – оның кәсіби мемлекеттік аппараттан емес, жастар қозғалысы мен жергілікті өкілді органнан өтіп, Құрылтайға келген жаңа буын өкілі.
Тағы бір жас депутат Respublica партиясының өкілі 29 жастағы Динара Наумова. Ол 1997 жылғы 8 қыркүйекте Астана қаласында туған. Мамандығы бойынша мұнай және газ өңдеу технологы болғанымен, қоғамдық қызметте инклюзивті қоғамды дамыту мәселелерімен танылды.
Мәжілістің сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 2018 жылы «Startup Bolashak: Менің арманым» байқауының жеңімпазы атанып, «Professionalize Kazakhstan» бизнес мектебін бітірген. 2022 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» президенттік грантын иеленіп, Қазақстандағы инклюзивті қоғамды дамыту қауымдастығын басқарды. Сол жылы Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес пен министрліктің Қоғамдық кеңесінің мүшесі болды. Қабанбай батыр кентінде инклюзивті фитнес орталығын ашқан.
Динара Наумова Құрылтайдағы әлеуметтік саясат пен инклюзия мәселелерін көтеретін ең жас саясаткерлердің бірі.
Құрылтай сайтындағы мәліметке сәйкес, жас депутат Ақерке Искандерова 29 жаста. Ол 1997 жылғы 30 қарашада Тараз қаласында туған. Еуразия ұлттық университетін шетел филологиясы мамандығы бойынша тәмамдап, гуманитарлық ғылымдар бойынша магистр дәрежесін алған. 2018 жылдан бері "Жастар Рухы" жастар қанатында жұмыс істеп, 2024 жылдан бастап республикалық төраға қызметін атқарды.
2026 жылы «Әділет» партиясы арқылы Құрылтай депутаты атанды.
Құрылтай сайтының мәліметінше, Дидарбек Ділдәбек те жас депутаттардың бірі.1997 жылғы 31 шілдеде туған. 2019 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-ды бакалавр, 2022 жылы Q University-ді магистр дәрежесімен тәмамдаған. 2024 жылдан Абай атындағы ҚазҰПУ докторантурасында білім алған.
Еңбек жолын 2016 жылы аталған университеттің Жастар ісі жөніндегі комитетінде бастап, кейін комитет төрағасы, бөлім басшысы және тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департамент директоры қызметтерін атқарған. 2023-2024 жылдары университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры міндетін атқарған.
2025-2026 жылдары AMANAT партиясы жанындағы Алматы қаласының «Жастар Рухы» жастар қанатын басқарған. Қазір Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты. Сонымен қатар, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің және Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы кеңесінің мүшесі.
23 депутаттың болуы нені білдіреді
Жастардың Құрылтайдағы 16 пайыздық үлесі олардың саны жағынан басым екенін көрсетпейді. Бірақ, бұл топтың болуы жастарға қатысты мәселелердің заң шығару деңгейінде көтерілуіне мүмкіндік береді.
Білім, жұмысқа орналасу, тұрғын үй, цифрлық технология, кәсіпкерлік сияқты мәселелердің негізгі тұтынушысы – жастардың өзі. Сондықтан, Құрылтайдағы жас депутаттардың тәжірибесі бұл тақырыптарды талқылауға қосымша көзқарас енгізуі мүмкін.
Бірақ, мұнда бір маңызды нәрсе бар. Депутаттың жасы оның жастар саясатын міндетті түрде қолдайтынын білдірмейді. Сондықтан, 23 депутаттың болуы автоматты түрде жастардың барлық мәселесі Құрылтайда шешіледі деген сөз емес.
Нақты нәтиже олардың қандай заң жобаларына қатысатынына, комитеттердегі жұмысына және өз сайлаушыларынан келген мәселелерді қаншалықты көтеретініне байланысты болады.
Мәселе санда емес, саяси белсенділікте
Қазіргі деректерді үш санмен түсіндіруге болады. 545 кандидаттың 74-і – 35 жасқа дейінгі жастар, ал сайланған 145 депутаттың 23-і – жастар санатына жатады.
Бұл сандар жастардың саяси процеске қатысуы бар екенін көрсетеді. Бірақ, партиялық тізімдегі жастар саны мен нақты депутаттық мандат алған жастар санының арасында айырмашылық бар.
Сондықтан, Құрылтайдағы жастардың рөлін бағалағанда «23 депутат бар» деген санмен шектелу жеткіліксіз. Ең маңызды көрсеткіш – осы 23 депутаттың заң шығару жұмысына қаншалықты белсенді араласатыны және жастардың нақты мәселелерін Құрылтайдың күн тәртібіне шығара алатынында болып тұр.
Қысқасы, жаңа Құрылтайдың құрамы бұрынғы Парламентпен салыстырғанда жасарған. Бірақ жастар әлі де аз. Ендігі мәселе – олардың саны емес, саяси шешімдерге ықпалында болып тұр. Сондықтан, жас депутаттардың қаншалықты белсенді болатынын уақыт көрсетеді.