Шымкентте әйел пластикалық отадан кейін бір көзінен айырылды
Шымкентте тиісті маман сертификаты мен лицензиясы болмай, пластикалық хирургия саласында медициналық қызмет көрсеткен адам сотталды. Бұл туралы Шымкент қаласының прокуратурасы хабарлады.
Сотта оның әйелге блефаропластика операциясын жасағаны анықталған. Отадан кейін жәбірленуші бір көзінің көру қабілетін толық жоғалтқан.
Сот шешімімен ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 322-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған үш жыл бойы медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Абай ауданының прокуратурасы тиісті лицензиясы мен біліктілігі жоқ адамдарға медициналық қызмет көрсетудің қауіпті екенін ескертті.
Прокуратура азаматтарды медициналық көмекті тек лицензиясы бар ұйымдардан және тиісті біліктілігі бар мамандардан алуға шақырды.