Жаңалықтар

12 мың қаралым жинаған: Семейде TikTok-та тікелей эфир жүргізген әйел қамауға алынды

Абай облысында TikTok-та тікелей эфир жүргізген 53 жастағы әйел ұсақ бұзақылық жасағаны үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы полиция мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг кезінде әйелдің тікелей эфирі анықталған. Эфир барысында ол былапыт сөздер айтып, алкогольдік ішімдік ішкенін көрсетіп, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан. Трансляцияны шамамен 12 мың адам көрген.

Полиция әйелдің жеке басын анықтап, оның Семей қаласының тұрғыны Мадина Баяхметова екенін хабарлады.

Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, жасына байланысты бес тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындаған.

Полиция әлеуметтік желілердегі жария әрекеттердің де құқықтық салдары бар екенін ескертті. Ведомствоның мәліметінше, құқыққа қайшы контентті анықтау және оның жолын кесу бойынша мониторинг жалғасады.

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Абай Облысының Полиция Департаменті (@abai_department_police)