Әлемде

«Үйінді астында 100-ге жуық адам қалуы мүмкін»: Жеті қабатты үй құлап, 20 адам өлі табылды

Газа секторында түнде соғыс кезінде зақымданған тұрғын үй құлап, кемінде 20 палестиналық қаза тапты. Қаза болғандар арасында балалар да бар. Тағы ондаған адам үйінді астында қалуы мүмкін, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, құтқарушылар сәрсенбі күні қираған ғимараттың үйінділерін аршып, адамдарды іздеді.

Қазір Газа бойынша Израильдің әуе шабуылдарынан зақымданған шамамен 2 мың ғимаратта ондаған мың палестиналық тұрып жатыр.

Газа азаматтық қорғаныс қызметінің мәліметінше, жеті қабатты ғимараттың құлауынан кемінде 20 адам, оның ішінде алты бала қаза тапқан. Тағы 14 адам жарақат алған.

Құтқарушылардың айтуынша, үйінді астында 100-ге жуық адам болуы мүмкін. Қазіргі уақытта іздеу-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Reuters агенттігі алған видеода құтқарушылар құлаған қабырғаның астынан екі адамды шығаруға тырысып жатқаны көрінеді. Әлеуметтік желіде тараған тағы бір видеода Газа азаматтық қорғаныс өкілі Махмуд Басала кішкентай қызды көтеріп бара жатқаны бейнеленген.

Газа қаласының азаматтық қорғаныс қызметінің директоры Раед әл-Дахшанның айтуынша, құлаған ғимаратта кемінде 10 отбасы тұрған. Оның сөзінше, үйінді астынан тірі қалғандарды табуға әлі де үміт бар.

«Біз әлі де үйінді астынан адамдардың даусын естіп жатырмыз», – деді ол.

БҰҰ Даму бағдарламасының Газа кеңсесінің басшысы Алессандро Мракичтің мәліметінше, ұйымның кейбір агенттіктері құтқару жұмыстарына қатысып жатыр. Оның айтуынша, тиісті техниканың болмауына байланысты жұмыстар қиын жағдайда жүргізілуде.

Құтқару жұмыстарына Мысырдың гуманитарлық ұйымы да көмектескен.