Жаңалықтар

Аса ірі мөлшердегі заңсыз есірткі айналымы: бұрынғы дін қызметшісіне қатысты сот басталды

Бүгін бұрынғы дін қызметшісі Иаков Воронцовқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы басталды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Воронцов аса ірі мөлшерде есірткіні өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтады деген айыппен сот алдында жауап беріп жатыр. Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі бойынша қаралуда.

Сотқа дейін прокуратура айыптау актісіне өзгеріс енгізген. Алғашқы нұсқада Воронцовқа есірткі сақтаудан бөлек, есірткі тұтынуға арналған орынды ұйымдастырды деген айып тағылған еді. Бұл айып ҚК-нің 302-бабы 1-бөлігіне қатысты болған.

Алайда тергеу кезінде мұндай әрекеттің бір ғана дерегі анықталған. Осыған байланысты прокуратура 302-бап бойынша айыпты алып тастаған. Себебі бұл баппен қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін әрекеттің жүйелі түрде жасалуы қажет.

Қазіргі айыптау актісінде Воронцовқа ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі бойынша ғана айып тағылған. Тергеу тарапы оның кінәсі жиналған материалдармен толық дәлелденгенін мәлімдеді.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Воронцовқа қатысты видео тараған. Кадрларда оның есірткіге ұқсас өсімдік тектес затты дайындап, тұтынғаны көрсетілген деген ақпарат тараған еді.

Алғашқы сот отырысында прокурор процесті жабық өткізуді сұрады. Бұған іс бойынша мемлекеттік қорғау шаралары қолданылған куәгерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігі себеп болған.