Актер Нұрсұлтан Жақсыгенге сот үкімі шықты: ол сот залында қамауға алынды
Актер Нұрсұлтан Жақсыген 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды. Үкім жарияланғаннан кейін ол сот залында қамауға алынды. Бұл туралы жәбірленуші Фариза Сабырәлиеваның адвокаты мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Қылмыстық іс Алматы облысының Қарасай аудандық сотында қаралған. Сот актерді Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағында көзделген, яғни онлайн-платформалар арқылы көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты қылмыс бойынша кінәлі деп таныған.
«Сот Нұрсұлтан Жақсыгенді кінәлі деп танып, оған 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді», – деп жазды адвокат.
Сонымен қатар Фариза Сабырәлиеваның азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, оның пайдасына 5 млн теңге өндірілген.
Іс актердің бұрынғы жұбайы Фариза Сабырәлиеваның арызына байланысты қозғалған. Ол бұған дейін әлеуметтік желіде өзі туралы шындыққа жанаспайтын және абыройына нұқсан келтіретін ақпарат таратылғанын айтқан.