Жаңалықтар

10 жылға дейін сотталуы мүмкін: Bek Air иесі қамауға алынды

Bek Air әуе компаниясының иесі саналатын Нұрлан Жұмасұлтанов ұшақ қозғалтқыштарының ұрлануына қатысты күдікке ілініп, қамауға алынды. Бұл туралы журналист Михаил Козачков жазды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оның мәліметінше, Жұмасұлтанов бастапқыда тергеушілерге жауап беруге шақырылған. Кейін оған күдік келтіріліп, қамауға алынған. 9 қыркүйекте Алматының тергеу соты кәсіпкерді екі айға қамау туралы шешім шығарған. Осы қылмыстық іс бойынша тағы бір күдіктіге үйқамақ бұлтартпас шарасы қолданылған.

Іс Алматы әуежайында сақталған «Фоккер-100» ұшақтарының қозғалтқыштарының жоғалуына байланысты қозғалған. Тергеу барысында жоғалған қозғалтқыштардың бірінің кейін Bek Air ұшағына орнатылғаны анықталған. Оның сәйкестігі қозғалтқыштың сериялық нөмірі арқылы анықталған.

Бұл дерек 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Bek Air ұшағының апатын тергеу кезінде белгілі болған. Сол күні Алматыдан Астанаға бағыт алған ұшақ әуеге көтеріле алмай, ұшу-қону жолағынан шығып кеткен. Кейін салынып жатқан үйге соғылып, салдарынан 13 адам қаза тапқан.

Қозғалтқыштардың ұрлануына қатысты бөлек қылмыстық іс бірнеше жыл бойы Көліктегі полиция департаментінде тергелген. Тергеу аясында шетелдік әріптестерге де сұрау жолданған.

Кейін іс Бас көлік прокуратурасының шешімімен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілген. Козачковтың мәліметінше, ҰҚК тергеушілері қозғалтқыштың Bek Air ұшағынан табылғанын ескеріп, ұрлыққа компанияның иелері немесе басшылығының қатысы болуы мүмкін деген нұсқаны қарастырған.

Жұмасұлтановқа Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігі бойынша аса ірі мөлшерде ұрлық жасады деген күдік тағылған. Бұл бап бойынша бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Кәсіпкердің кінәсі сот үкімімен дәлелденген жоқ.