Жаңалықтар

Жаңбыр, найзағай, қатты жел: 16 қыркүйекке ауа райы болжамы

16 қыркүйекте Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райы тұрақсыз болады. Кей жерлерде найзағай ойнап, жаңбыр жауады, жел күшейеді. Елдің батысында тұман түсуі мүмкін. Сонымен қатар бірқатар облыста жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Қай өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды?

16 қыркүйекте Атырау облысының батысы, солтүстігі мен оңтүстігінде күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Атырау қаласында да жауын-шашын күтіледі.

Батыс Қазақстан облысының солтүстігі, оңтүстігі және шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Оралда да жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін.

Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде жауын-шашын болжанған. Петропавлда түнде жаңбыр жауып, найзағай ойнауы ықтимал.

Павлодар облысында түнде солтүстікте, күндіз солтүстік, шығыс және орталық аудандарда жаңбыр жауады. Павлодар қаласында күндіз жауын-шашын болып, найзағай ойнайды.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-батысында, Абай облысының батысы мен солтүстігінде күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

Алматы облысының тау бөктері мен таулы аймақтарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Алматы қаласының тауларында да осындай ауа райы күтіледі.

Қай өңірлерде жел күшейеді?

Ақтөбе облысының батысы, солтүстігі және орталығында күндіз оңтүстік және оңтүстік-шығыс желінің екпіні секундына 15-18 метрге дейін жетеді. Ақтөбеде жел 15 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.

Алматы облысының шығысы мен таулы аймақтарында желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.

Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында желдің екпіні кей жерлерде 15-20 м/с-қа дейін жетеді.

Түркістан облысының батысы мен таулы аудандарында да жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Шымкент пен Түркістан қалаларында жел екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.

Жетісу облысындағы Алакөл көлдері маңында жел күшейеді. Оның жылдамдығы 15-20 м/с-қа, кей уақытта 23-28 м/с-қа дейін жетеді.

Шаңды дауыл мен тұман

16 қыркүйекте Түркістан облысының батысында шаңды дауыл күтіледі.

Солтүстік Қазақстан облысының батысында түнде және таңертең тұман түседі.